Трамп Google-ді қорғап, Еуроодаққа жауапты шаралар қолданатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Google компаниясына салынған 2,95 млрд еуро көлеміндегі айыппұлға байланысты Еуроодаққа жауапты шаралар қолданатынын айтты, деп хабарлайды Euronews.

р
Фото: Anadolu Ajansı

Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамп бұл шешімді «өте әділетсіз» деп атап, өз әкімшілігінің «бұл дискриминациялық әрекеттердің күшінде қалуына жол бермейтінін» жазды.

Ол сондай-ақ АҚШ-та салық төлейтін америкалық компанияларға салынған әділетсіз айыппұлдарды жою үшін Сауда туралы 1974 жылғы заңның 301-бабына сәйкес тергеу бастайтынын мәлімдеді.

Аталған заңға сәйкес, АҚШ басқа мемлекеттердің әрекеттерін «негізсіз» немесе «әділетсіз» деп тапқан жағдайда, оларға қарсы қосымша тарифтер енгізе алады.

– Мен Еуропалық одақпен бұл мәселе бойынша сөйлесетін боламын, – деді Трамп жұма күні Ақ үйде журналистерге.

Еуропалық комиссияның хабарлауынша, тергеу барысында Google компаниясының онлайн-жарнама нарығында өз қызметтерін артықшылықпен пайдаланып, бәсекелестеріне, жарнама берушілер мен онлайн-баспагерлерге зиян келтіргені анықталған.

Зерттеу Google-дың AdX биржасы мен DFP жарнама платформасына қатысты болды. Бұл құралдар жарнама берушілер мен өз сайттарында жарнама орнын сатқысы келетін баспагерлерді байланыстыратын жүйе болып табылады.

Бұл – 2017 жылдан бері Еуроодақтың Google-ға төртінші рет ірі айыппұл салуы. Бұған дейін де Брюссель компанияға миллиардтаған еуро көлемінде санкциялар қолданған болатын.

Соңғы жаңалықтар