Трамп Гренландиядан кейін Үнді мұхитындағы Чагос аралдарын сатып алғысы келеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп стратегиялық маңызды Диего Гарсия әскери базасын ұзақ уақыт бақылауда ұстау үшін Үнді мұхитындағы Чагос аралдарын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

АҚШ пен Қытай арасындағы «көмір бәсекесі»: Трамп тағы да мәлімдеме жасады
Фото: foxbusiness.com

АҚШ әкімшілігі Чагос архипелагын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ол Маврикийден шамамен екі мың шақырым солтүстік-шығыста орналасқан.

The Telegraph басылымының мәліметінше, Вашингтон АҚШ-тың шетелдегі ең маңызды әскери нысандарының біріне ықпалын жоғалтып алудан қауіптенеді.

Чагос де-юре архипелагы Маврикий құрамына кіреді, ал бұған дейін Ұлыбританияның бақылауында болған. Ондағы ең ірі арал — Диего-Гарсияда стратегиялық маңызы зор бірлескен британ-америкалық әскери база орналасқан. Бұл нысан Үнді мұхиты, Таяу Шығыс және Азия-Тынық мұхиты өңірлеріндегі операцияларда маңызды рөл атқарады.

2025 жылдың мамырында Лондон мен Маврикий Чагос аралдарына қатысты келісімге келген. Құжатқа сәйкес, Ұлыбритания архипелагқа қатысты Маврикийдің егемендігін мойындауы тиіс болған. Есесіне британ тарапы Диего-Гарсия базасын тағы 99 жыл пайдалану құқығын сақтап қалатын еді.

Бастапқыда Дональд Трамп бұл келісімді қолдағанымен, кейін оны «үлкен ақымақтық» деп сынады. 2026 жылдың сәуірінде Ұлыбритания архипелагты Маврикийге беру процесін тоқтатты.

Reuters агенттігіне АҚШ әкімшілігінің өкілі хабарлағандай, Трамп Диего-Гарсия базасын елдің ұлттық қауіпсіздігі үшін таптырмас нысан деп санайды. Вашингтонда аралдардың толықтай Маврикий бақылауына өтуі америкалық мүдделерге қосымша қауіп төндіруі мүмкін деген пікір бар.

Әзірге тараптар арасында ресми келіссөздердің басталғаны туралы мәлімдеме жасалған жоқ.

Бұған дейін АҚШ Гренландияның бір бөлігін әскери базалар үшін бақылауына алуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.