Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Трамп ХАМАС-ты қарусыздандыру бойынша келісім туралы жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы палестиналық ХАМАС қозғалысы мен басқа да қарулы топтарды толық қарусыздандыру туралы «тарихи келісімге» қол жеткізілгенін жариялады, деп хабарлайды Euronews.

Иранмен мәміле жексенбіде бекітіледі — Трамп
Фото: Report.az

Дональд Трамптың айтуынша, бұл келісім оның Газа секторындағы соғысты тоқтату жоспарын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды.

- Келісім – Газаны Палестина халқына көмектесу үшін Бейбітшілік кеңесімен тығыз жұмыс істейтін жаңа Палестина үкіметінің бақылауына беру жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар Израиль лайықты қауіпсіздікті алады, өйткені Газа енді лаңкестік шабуылдар үшін база ретінде пайдаланылмайды, - деп жазды америкалық көшбасшы Х әлеуметтік желісінде.

Ол бұл келісімнің Газадағы соғысты тоқтату бойынша 20 тармақтан тұратын жоспарын жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін нақтылады. Трамп сонымен қатар қарусыздану процесі аяқталғаннан кейін Израиль қорғаныс күштерінің бөлімшелері Газа секторынан кететінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, келісім ауыр қару-жарақты қоса алғанда қару-жарақты кезең-кезеңімен беруді, қоймалар мен туннельдерді бөлшектеуді көздейді және бұл процесс халықаралық бақылаумен жүргізілуі тиіс.

Осы арада ХАМАС та, Израиль билігі де көрсетілген шарттармен келіскенін мәлімдеген жоқ.

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөз бұрын Палестина қозғалысын қарусыздандыру, Израиль әскерлерін Газа секторынан шығару және Палестина аумағының болашағы туралы келіспеушіліктерге байланысты бірнеше рет тоқтап қалған.

Еске салсақ, Палестинаның ХАМАС қозғалысы АҚШ қолдаған соғыстан кейінгі реттеу жоспары аясында Газа секторындағы үкіметін таратқанын жариялады.

The Times of Israel және Reuters басылымдарының хабарлауынша, ХАМАС үкіметінің таратылуы ең алдымен символикалық сипатқа ие және қозғалыстың Газа секторын азаматтық басқаруды Ұлттық комитетке тапсыруға дайын екенін көрсетуге бағытталған.

Алайда бұл процесс тараптар арасындағы ХАМАС-тың қарусыздануы мен атысты тоқтатуды жүзеге асыруға қатысты келіспеушіліктерге байланысты тоқтап қалды.