Трамп Ибраһим келісімін кеңейтуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Соглашения Авраама должны быть обязательными в рамках сделки с Ираном — Трамп
Фото: 972mag.com

— Иранмен мәмілеге келуге тырысып жатырмыз. Егер бұл шешім екі тарапқа да тиімді болмаса, шабуылды жалғастырамыз. Бұл жолы соққы бұрынғыдан да күштірек болуы мүмкін. Қақтығысты ешкім жалғастырғысы келмейді, — деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамп Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Пәкістан, Түркия, Мысыр, Иордания және Бахрейн басшыларымен келіссөз жүргізгенін айтты. Оның сөзінше, аталған мемлекеттер Ибраһим келісіміне бір уақытта қосылуы мүмкін.

Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, Ибраһим келісіміне қосылған елдердің қатарында Қазақстан да бар.

Трамп бұл келісімге қатысушы мемлекеттер экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан пайда көріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдегі қақтығыстар мен тұрақсыздыққа қарамастан, аталған елдердің ешқайсысы шарттан бас тартуға ниет білдірмеген.

— Ибраһим келісімі Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа жол аша алады. Бұл бастама өзге мемлекеттер үшін де оң өзгеріс әкеледі, — деді Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, келісімге Сауд Арабиясы мен Қатардың қосылуы маңызды қадам болмақ. Ол басқа мемлекеттер де осы елдердің тәжірибесіне сүйеніп шешім қабылдайды деп есептейді.

— Барлық елдің Ибраһим келісіміне қосылғанын қалаймын. Егер Иран бұл бастаманы қолдаса, бұрын-соңды болмаған халықаралық коалицияның бір бөлігіне айнала алады, — деді Трамп.

Оның пікірінше, бұл келісім Таяу Шығысты біріктіріп, әлемдегі ең ықпалды әрі экономикалық әлеуеті жоғары одақтардың бірін қалыптастыруы мүмкін.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Ибраһим келісіміне қосылу шешімінің дұрыстығына сенімді екенін айтты

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ибраһим келісіміне не үшін қосылғанын түсіндірді.

Ибраһим келісімі туралы толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

Дария Ғұмар