Трамп импорттық баждарды жойды: бұл АҚШ-тағы бағаларға қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп кофе, сиыр еті, банан, апельсин шырыны сияқты 200-ден астам өнімге салынған импорттық баждарды алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұл қадам АҚШ-та бағаның өсуіне қатысты алаңдаушылық күшейген соң жасалды, деп хабарлайды DW.

Трамп импорттық баждарды жойды
Фото: instagram.com/realdonaldTRUMP

Бұған дейін Трамп енгізілген баждар инфляцияға әсер етпейді деп мәлімдеген еді. Алайда 14 қарашада Air Force One бортында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, кей жағдайларда баждар шынымен де бағаның қымбаттауына ықпал етуі мүмкін екенін мойындады. Соған қарамастан, оның айтуынша, АҚШ-та «айтарлықтай инфляция жоқ».

Президент сондай-ақ келесі жылдың ішінде табысы төмен және орташа деңгейдегі әрбір америкалыққа баждардан түскен қаржы есебінен 2 мың доллар төлеуді жоспарлап отырғанын растады. Жоғары табысы бар азаматтарға бұл төлем қарастырылмайды.

Бұған дейін, тамыз айында, АҚШ Қаржы министрлігі елдің мемлекеттік қарызы алғаш рет 37 трлн доллардан асқанын хабарлаған. Қазан айында Халықаралық валюта қоры қазіргі бюджет саясаты сақталған жағдайда, 2030 жылға қарай қарыз көлемі ІЖӨ-нің 143,4% жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Биылғы көрсеткіш шамамен 125% деңгейінде.

Еске салсақ, 2 сәуірде Трамп 185 ел мен аумақтан келетін өнімдерге кедендік тарифтер енгізетінін жариялаған еді. Әмбебап 10% тариф 5 сәуірден, жеке тарифтер 9 сәуірден бастап күшіне енді.

Сол күні АҚШ президенті бірқатар қарсы шара ретінде енгізілген баждардың 90 күнге тоқтатылатынын хабарлады. Ақ үйдің түсіндіруінше, бұл — сауда консультацияларының жүргізілуімен байланысты. Осы кезеңде әмбебап 10% тариф қолданылады.

Ал Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің АҚШ-тың бірқатар тауарға жаңа кедендік баждар енгізуіне қатысты мәлімдемесі жарияланды.

Соңғы жаңалықтар