Трамп Иранмен тікелей келіссөз жүргізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM –  Дональд Трамп АҚШ-тың Иранмен тікелей келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеп, 12 сәуірде өтетін маңызды кездесу туралы жариялады, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

Трамп Иранмен тікелей келіссөз жүргізіп жатыр
Фото: Wired

АҚШ президенті егер тараптар ядролық келісімге қол жеткізе алмаса, Тегеранға «үлкен қауіп» төнеді деп қорқытты.

- Біз Иранмен тікелей келіссөз жүргізіп жатырмыз және олар қазірдің өзінде басталды, - деді ол 7 сәуірде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуден кейін Ақ үйде тілшілерге.

Ақ үй басшысының айтуынша, алдағы сенбі, 12 сәуірде «өте маңызды тікелей, іс жүзінде жоғары деңгейде кездесу» өтеді деп жоспарланған.

Трамп Иранды «үлкен қауіп төнеді» деп қорқытты

- Менің ойымша, бәрі келісімге қол жеткізуге қолайлы болады деп келіседі, - деп қосты Трамп.

Әйтпесе, келіссөз сәтсіз аяқталса, ол Иранды «үлкен қауіп төнеді» деп қорқытты.

- Иранның ядролық қаруы болуы мүмкін емес және егер келіссөз сәтті болмаса, бұл Иран үшін өте жаман күн болады деп ойлаймын, - деді Ақ үй басшысы.

Трамптың айтуынша, ол Нетаньяхумен кездесуінде Иран тақырыбын талқылаған.

Иран Сыртқы істер министрі: Кездесу Оманда өтеді

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран мен Вашингтон арасында жоспарланған келіссөз туралы растап, олардың жанама сипатын белгіледі. Кездесу Оманда өтеді және «әрі мүмкіндік, әрі сынақ» екенін түсіндірді.

- Доп Американың алаңында, - деп жазды Арагчи X микроблогтары желісінде.

Бұған дейін Иран басшылығы АҚШ әкімшілігімен тікелей келіссөзден бас тартқанымен, жанама диалогқа дайын екенін танытты. 

Иран президенті Масуд Пезешкианның айтуынша, Тегеран Трамптың хатына Оман арқылы жауап берген. Бұл ретте Құрама Штаттар тарапынан шабуылдан қауіптенген Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи елдің қарулы күштерін жоғары дайындыққа шақырды.

Соңғы жаңалықтар