Трамп Иранның ядролық нысандарын тағы да «жойып жіберемін» деп сес көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары қайта іске қосылатын болса, оларды «саусағын көтеріп үлгергенше жойып жіберемін» деп мәлімдеді, деп жазды DW.

Трамп Иранның ядролық нысандарын тағы да «жойып жіберемін» деп сес көрсетті
Фото: DW

Дүйсенбі күні Шотландияда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесуі кезінде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Трамп:

— Біз Иранның ядролық мүмкіндіктерін жойдық. Олар қайта іске қоса алады. Егер олай етсе, біз олардың (ядролық нысандарын) саусағыңызды көтеріп үлгергенше жойып жібереміз, — деді.

Иран сыртқы істер министрі: «Біз уран байытудан бас тартпаймыз»

21 шілдеде Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Fox News телеарнасына берген сұхбатында Тегеран АҚШ-тың шабуылдарына қарамастан уран байытудан бас тартпайтынын мәлімдеді.

— Біз бұл жұмысты тоқтаттық, себебі залал өте ауыр болды. Бірақ біз одан бас тарта алмаймыз, өйткені бұл — біздің ғалымдарымыздың жетістігі, — деді Арагчи. Оның айтуынша, енді бұл — ұлттық абыройдың мәселесі. Болашақтағы кез келген ядролық келісім Иранға уран байыту құқығын беруге тиіс екенін де атап өтті.

Иран СІМ басшысының «Х» (бұрынғы Twitter) желісіндегі жазбасы:

28 шілдеде Иран сыртқы істер министрі X әлеуметтік желісінде:

— Егер агрессия тағы қайталанса, біз бұдан да қатаң әрі жасырынуға келмейтін жауап қайтарамыз, — деп жазды.

Сол жазбасында ол тағы да Тегеранның уран байытуды жалғастыруы қажет екенін айтты:

— Бәрі білсін: біз, ирандықтар, бейбіт ядролық бағдарламамызды сатып алған жоқпыз — оны қанмен, термен және көз жасымен құрдық. Біздің адам ресурстарымыз әзірлеген технология мен ноу-хауды бомбалармен жою мүмкін емес, — деді ол.

АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары

22 маусымға қараған түні АҚШ әскерилері Иранның ядролық бағдарламасына қатысты үш нысанға әуе шабуылын жасады — олар Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы объектілер.

Дональд Трамп сол кездегі халыққа үндеуінде:

— Иранның уран байытуға арналған негізгі нысандары жойылды, — деп мәлімдеді.

Иран билігі шабуыл фактісін растағанымен, оның орны толмас залал келтірмегенін алға тартты.

Еске сала кетейік, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи Иран уранды байыту жұмыстарын жалғастырады және бұл құқығынан бас тартпайтынын мәлімдегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар