Трамп Канададағы орман өрттеріне байланысты жаңа баж салығын енгізетінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп канадалық тауарларға жаңа кедендік баж салығын енгізетінін айтты. Ол мұны Канададағы жүздеген орман өрті салдарынан қою түтін елдің солтүстік өңірлерін басқаннан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
Мұндай мәлімдеме америкалық заң шығарушылардың орман өрттеріне қатысты шағымдары мен Онтарио премьер-министрі Даг Фордтың АҚШ-ты шағымданудың орнына өртпен күреске қолдау көрсетуге шақырған үндеуінен кейін жасалды.
— Америка Құрама Штаттарының ауасы ластанып, былғанды. Елге денсаулыққа зиянды ауа келіп жатыр, — деді Трамп.
Ол Канаданы салғырттыққа қасақана жол берді деп айыптап, осыған байланысты жаңа баж салығын енгізуі мүмкін екенін айтты.
Канаданың орман өрттері туралы ақпарат жүйесінің мәліметінше, елде 888-ге жуық орман өрті тіркелген. Олардың басым бөлігі әлі де бақылауға алынбаған. Онтарио провинциясында 190-нан астам орман өртеніп жатыр. Олардың бірқатары да бақылаудан шыққан.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Канада премьер-министрі Марк Карниге қоңырау шалып, елдегі «қасақана салғырттыққа» қатысты түсініктеме талап ететінін айтты. Сонымен қатар ол Канаданы орман мен бұталы алқаптарды тиісінше «күтіп ұстамады» деп айыптады.
Республикалық партия өкілдері осы жағдайды пайдаланып, Трамптың Канаданы АҚШ-тың 51-штатына айналдыру туралы бұрынғы ұсынысын қайта көтерді. Бұл мәлімдеме канадалықтардың наразылығын туғызып, олардың бір бөлігі қарсылық ретінде АҚШ-қа сапарларын тоқтатты. Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі Онтарио мен Мичиганды байланыстыратын, Канада қаржыландырып жатқан халықаралық Горди Хау көпірінің ашылуын кейінге қалдыруды ұсынды.
Канада билігі Трамптың жаңа баж салығын енгізу туралы мәлімдемесіне әзірге жауап берген жоқ. Алайда бұған дейін премьер-министр Марк Карни климаттың өзгеруімен күресу екі елге де ортақ міндет екенін айтқан.
АҚШ пен Канада арасындағы қарым-қатынас соңғы бір жылда, негізінен сауда мәселелеріне байланысты, бірнеше рет шиеленісті. Былтыр Дональд Трамп АҚШ-пен ондаған жыл бойы еркін сауда артықшылықтарын пайдаланып келген Канада тауарларына кедендік баж салығын енгізді. Алайда екі ел әлі күнге дейін жаңа сауда келісіміне қол жеткізген жоқ.
Айта кетейік, Дональд Трамп НАТО саммитіне келгенде Гренландия АҚШ-тың бақылауында болуы тиіс деген бұрынғы мәлімдемесін тағы қайталады.