Трамп Қытайдан өзге елдерге тарифтердің енгізілуін 90 күнге кідіртті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп 9 сәуір күні «өзара тарифтер бойынша жаңа баж салығының енгізілуін 90 күнге кейінге шегеретінін, бірақ Қытай тауарларына салынатын салықты одан әрі арттыратынын мәлімдеді.

Lianhe Zaobao басылымы АҚШ-тың ондаған сауда серіктесіне көп мөлшерде «өзара тарифтер» енгізіледі деп ұйғарылған межелі сәтке 24 сағат қалғанда Трамп ұстанымын күрт өзгерткенін жазды.
Ол өз мәлімдемесінде «әлемдік нарыққа құрметсіздік танытқаны үшін», Қытайдан әкелінетін тауарларға бағытталған тарифтің мөлшерін 104%-дан 125%-ға дейін көтеретінін мәлімдеді.
- Бұл шешім дереу күшіне енеді, — деп толықтырды ол.
Трамп 75-тен астам елдің АҚШ-пен келіссөз жүргізуге ниет білдіргенін айтты.
- Менің қатаң ескертуімнен кейін, бұл елдердің ешқайсысы қандай да бір тәсілмен немесе форматпен Құрама штаттарға қарымта қайтарған жоқ. Сондықтан мен Қытайдан өзге елдерге енгізілетін тарифтерді 90 күнге кідірте тұруға және осы аралықта оның мөлшерін 10%-ға дейін төмендетуге жарлық бердім,- деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.
Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Левиттің айтуынша, бұл шешім Қытайдан басқа барлық елге сәйкесінше тек 10% көлемінде баж салығы салынатынын білдіреді.
Дегенмен, бұл шараның қыры мен сыры қазірше нақтыланған жоқ.
Аталған жаңалықтың әсерінен АҚШ-тың қор нарығында негізгі индекстер айтарлықтай өсті, ал облигациялардың табыстылығы таңғы айырбас кезіндегі жоғары шектен сәл төмендеді.
Бұған дейін Қытай билігінің «өзара тарифтер» саясатына қарсы қарымта шара қабылдағанын жазған едік.