Трамп Мемфиске Ұлттық гвардия әскерін кіргізу туралы жарлыққа қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп қылмысқа қарсы күрес мақсатында Теннесси штатының Мемфис қаласына Ұлттық гвардия күштерін енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Kazinform-ның Вашингтондағы арнаулы тілшісі хабарлады.

Трамп введет войска Нацгвардии в еще один штат
Фото: nationalguard.mil

Трамптың мұндай шешім қабылдауы бірінші рет емес. Бұған дейін ол Вашингтонда да дәл осындай шара қабылдаған болатын, деп жазады NBC News.

Операцияға Ұлттық гвардиядан бөлек, Федералдық тергеу бюросы, алкоголь, темекі, атыс қаруы мен жарылғыш заттардың айналымын бақылау бюросы, иммиграциялық және кеден полициясы, ішкі қауіпсіздік министрлігінің тергеу қызметі, АҚШ маршалдары және өзге де федералды құрылымдар қатыспақ.

Трамп Мемфиске қатысты шешім қабылдай отырып, келесі кезекте Чикаго, Сент-Луис қалаларын, сондай-ақ ықтимал нысан ретінде Жаңа Орлеанды атады.

Алайда мұндай қадамдар федералды билік пен штаттар арасында дау туындатуда. Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом Трамп әкімшілігін сотқа берді. Ол Лос-Анджелесте Ұлттық гвардияны пайдалану заңсыз деп танылуы керегін талап етті. Биыл федералды судья бұл шешімді заңға қайшы деп тапты. Өйткені қоғамдық тәртіпті қорғау үшін әскерді тартуға тыйым салынған.

Қылмыстық сот төрелігі кеңесінің (ССJ) есебіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы алты айында 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда АҚШ-тағы қылмыс көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген. 30 қала бойынша кісі өлтіру деректері 17%-ға (327 жағдайға) азайған, ауыр шабуылдар 10%-ға қысқарған, атыс қаруын қолдану 21%-ға, сексуалдық зорлық-зомбылық 10%-ға, тұрмыстық зорлық 3%-ға, тонау 20%-ға, көлік ұрлығы 24%-ға, тұрғын үйлерді тонау 19%-ға, басқа ғимараттарға жасалған қарақшылық 18%-ға, дүкендердегі ұрлық 12%-ға, өзге де ұрлықтар 12%-ға азайған.

Халықаралық салық және инвестиция орталығының энергетика, экономикалық өсім және қауіпсіздік бағдарламасы директорының орынбасары Уэсли Александр Хиллдың айтуынша, елдегі қылмыс деңгейінің төмендеуі Ұлттық гвардияның енгізілуімен байланысты емес.

– АҚШ-та қылмыстың барлық түрі соңғы 30 жылда азайып келеді. Ұлттық гвардия қылмыс деңгейіне ықпал етпейді. Олар құқық қорғау органы емес, полицейлер секілді арнайы дайындықтан өтпейді. Гвардияшылар табиғи апаттар кезінде немесе бүлік, төтенше жағдай болғанда ғана қолданылады. Сондықтан қылмысты азайтуда олардың пайдасы шамалы, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, мұндай қадам Трамптың беделіне де, жалпы қоғамның қарулы күштерге деген сеніміне де кері әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін федералды билік АҚШ-тың бірнеше ірі қаласында қылмыскер-мигранттарға қарсы операция бастаған болатын. Бұл шара Бостон, Чикаго және Нью-Йорк билігінің наразылығын тудырды.

Айта кетейік, АҚШ‑тағы иммиграциялық рейдтен кейін Оңтүстік Кореяға 316 адам оралды.

Соңғы жаңалықтар