Трамп NASA басшылығына жаңа кандидатура ұсынбақ

АСТАНА.KAZINFORM —  АҚШ Президенті Дональд Трамп алдағы уақытта АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) басшысы лауазымына жаңа кандидатураны жариялайтынын мәлімдеді. 

Трамп NASA басшылығына жаңа кандидатура ұсынбақ
Фото: ТАСС

— Мен Джаред Айзекманның NASA басшысы қызметіне кандидатурасын қайтарып аламын. Жақында мен Американы ғарыш кеңістігінде бірінші орынға шығаратын жаңа кандидатураны жариялаймын, — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде. 

Бұған дейін The Washington Post газетінің дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, жұма күні Ақ үй миллиардер Джаред Айзекманға оның кандидатурасы қайтарылып алынатыны туралы ресми түрде хабарлаған.

Айта кетейік, сәуір айының соңында АҚШ Конгресінің Сенатындағы коммерция, ғылым және көлік комитеті Айзекманның NASA басшысы қызметіне кандидатурасын мақұлдауды ұсынған болатын. Оның кандидатурасы бойынша Сенатта соңғы дауыс беру келесі аптада өтуі тиіс еді.

Өткен жылдың қыркүйек айында 42 жастағы миллиардер Джаред Айзекман Polaris Dawn атты алғашқы коммерциялық ғарыш миссиясына қатысты. Crew Dragon кемесінің капитаны ретінде ол инженер Сара Джиллиспен бірге тарихта алғаш рет кәсіби емес астронавтардың ашық ғарышқа шығуын жүзеге асырды.

Айзекман миллиардер Илон Масктың SpaceX компаниясымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Соңғы жаңалықтар