Instagram он жылда алғаш рет логотипін жаңартты
АСТАНА.KAZINFORM — Instagram он жыл ішінде алғаш рет логотипін өзгертті. Бұл туралы компания басшысы Адам Моссери өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп 24 kg жазды.
Оның айтуынша, логотип бұрынғыдан «ықшам әрі заманауи» бола түсуі үшін жаңартылған. Алайда өзгеріс қосымшаның белгішесіне емес, Instagram атауы жазылған қаріпке қатысты.
Instagram логотипі соңғы рет 2016 жылы түбегейлі өзгерген еді. Оған дейін қосымшаның белгішесінде Polaroid камерасының бейнесі болған.
— Қосымшаның жоғарғы бөлігіндегі логотип 10 жыл бойы өзгерген жоқ. Сондықтан оны жаңартатын уақыт келді. Жаңа нұсқа ықшам әрі заманауи, сонымен қатар бастапқы логотипке қарағанда қарапайым, — деп жазды Адам Моссери.
Instagram-ның бұған дейінгі логотипі 2016 жылғы мамырда қосымшаның визуалды ребрендингі аясында таныстырылған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Meta компаниясы жасанды интеллект көмегімен сурет жасау және өңдеуге арналған жаңа Muse Image сервисін таныстырған болатын. Жаңа сервис мәтіндік сипаттама негізінде кескіндер жасап, дайын фотосуреттерді өңдеуге мүмкіндік береді. Оның басты мүмкіндіктерінің бірі — Instagram-дағы ашық аккаунттарда жарияланған фотосуреттерді жаңа ЖИ-кескіндерді жасау кезінде пайдалану.