Трамп осы жолы жеңіліп қалса, қайтадан сайлауға түспейді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың бұрынғы президенті және президенттікке үміткер Дональд Трамп жексенбі күні қарашадағы сайлауда жеңіліп қалса, додаға қайта түспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
Sinclair Broadcast Group TV-нің Full Measure телебағдарламасының жүргізушісі сұхбатында одан қараша айында Камала Харристен жеңіліп қалса, 2028 жылы президенттікке тағы үміткер бола ма, жоқ па, соны сұрады.
«Жоқ. Менің ойымша, осымен бітті. Мен өзімді (қайтадан сайлауға қатысқанымды) мүлде көріп тұрғаным жоқ… Өте жақсы жұмыс істейміз деп үміттенемін», — дейді 78 жастағы Трамп.
АҚШ-та заң бойынша адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды, сондықтан ол жеңсе, 2028 жылы сайлауға қайта түсе алмайды.
Бұған дейін Трамп сайлауда жеңілу мүмкіндігі туралы өте сирек айтатын — ол әрқашан өз жақтастарына сөйлеген сөзінде және әлеуметтік желілердегі жазбаларында алдағы жеңісін сенімді түрде жариялап келді.
Бірақ соңғы төрт күнде ол жеңілу ықтималдығы туралы екі рет айтты.