Трамп өзіне Иран қастандық жасаса, тұтас елді жойып жіберетінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі өзіне қастандық ұйымдастырған немесе ондай әрекетке барған жағдайда жауап ретінде Иранға жаппай зымыран соққысын жасау жөнінде алдын ала нұсқау бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ВВС жазды.
Трамптың айтуынша, Иранмен келіссөздер Тегеранның өтініші бойынша жалғасып жатыр.
– Ислам Республикасына бағытталған мың зымыран ұшыруға дайын тұр. Егер Иран билігі АҚШ-тың қазіргі президентін, яғни мені өлтіруге әрекет жасаса немесе өлтірсе, олардың соңынан тағы мыңдаған зымыран жіберіледі, – деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ президенті әскери бұйрықтар әлдеқашан берілгенін айтып, қажет болған жағдайда америкалық әскер бір жыл ішінде Иранның барлық өңірін толықтай жойып жібере алатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл мерзім қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.
8 шілдеде АҚШ пен Иран бір-біріне қайтадан соққы жасап, кейін Трамп маусым айынан бері күшінде болған уақытша бітімнің аяқталғанын жариялаған еді.
АҚШ Оманның аумақтық сулары мен Ормуз бұғазы маңындағы үш сауда кемесіне жасалған шабуылдарға жауап ретінде Иранға жаңа соққылар жасап, Тегеранға мұнай сатуға мүмкіндік берген лицензияның күшін жойды.
Бұған жауап ретінде Иран Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери базаларына соққы жасады.
Кейін Трамп өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін айтып, бірақ оған қатысты ешқандай дәлел келтірмеді.
– Мен олардың нысанасында баяғыдан бері бірінші орындамын. Егер маған бірдеңе болса, олар бұрын-соңды көрмеген деңгейде бомбалануы тиіс деген нұсқау қалдырдым, – деді ол The New York Post басылымына берген сұхбатында.
Жұма күні The Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, Израиль АҚШ-қа Иранның Трампқа қастандық жасаудың жаңа жоспарын қарастырып жатқаны туралы барлау мәліметтерін бергенін жазды.
Алайда Трамп бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– Жоқ, жоқ. Израиль ештеңе анықтаған жоқ. Мен әлдеқашан олардың жою тізімінде бірінші орындамын. Өмір осындай. Егер бірдеңе болып жатса, мені сағынатын шығарсыздар деп үміттенемін, – деді АҚШ президенті.
Ормуз бұғазы ашық болуы керек
АҚШ Иранды Ормуз бұғазы халықаралық кеме қатынасы үшін ашық екенін ресми түрде жариялауға және коммерциялық кемелерге жасалатын шабуылдарды тоқтатуға міндеттенуге шақырды. Бұл талаптар сенбі күні Оманда өтетін келіссөздердің күн тәртібіне енгізіледі деп күтіліп отыр.
Трамп уақытша бітім аяқталғанын мәлімдегеніне қарамастан, Вашингтон мен Тегеран жақында болған шиеленіске қарамастан келіссөздерді жалғастыруға уағдаласқанын айтты.
АҚШ шенеуніктерінің мәліметінше, Иран Вашингтонға сауда кемелеріне шабуылдарды келіссөздерді бұзуға тырысқан радикалды топ өкілдері жасағанын хабарлаған.
Айта кетейік, АҚШ-тың Иранға жаңа соққыларынан кейін мұнай бағасы күрт өскенін жаздық.