Трамп пен Маск ұзақ үзілістен соң көпшілік алдына бірге шықты

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп пен кәсіпкер Илон Маск 21 қыркүйек күні Аризона штатында өткен марқұм Чарли Киркке арналған қоштасу рәсіміне қатысты. Бұл – олардың мамыр айында араларында келіспеушілік туындағаннан кейін алғаш рет көпшілік алдында бірге бой көрсетуі, деп хабарлады Lianhe Zaobao басылымы.

 Трамп Маскқа Пентагонның шығындарын тексеруді бұйырды
Фото: vietnam.vn

CNN хабарлауынша, іс-шара спорт аренасында ұйымдастырылып, Трамп пен Маск президенттік ложада қатар отырып, әңгімелескен. БАҚ-қа түсірілген кадрларда олардың қол алысып, жылы шырай танытқаны байқалды. Кейінірек Маск әлеуметтік желіде Трамппен сөйлесіп отырған сәтінен сурет жариялап, оған «Чарли үшін» деп жазды.

Қорғаныс министрі Пит Хегсестің сөз сөйлеп тұрған кезінде де Трамп пен Маск қызу әңгімеге беріліп, қол қимылдарымен пікір алмасып отырғаны көзге түсті. Маск әңгіме барысында жиі бас изеп, көңіл қоя тыңдаған. Бұл олардың мамыр айында Маск мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейінгі алғашқы бірлескен ресми көрінісі болды.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп: «Ол (Маск) келіп сәлемдесті. Қарым-қатынасымыз өте жақсы», – деп атап өтті. Ақпарат көздерінің мәліметінше, Кирк екі тараптың байланысын қалпына келтіруге дәнекерлік жасаған. Ол Маскпен тұрақты байланыста болып, түрлі саяси мәселелер жөнінде пікір алмасып отырған.

Айта кетейік, 31 жастағы консервативті көзқарастағы белсенді Чарли Кирк – Трамптың жақын серіктесі. Ол 10 қыркүйекте Юта алқабындағы университетте сөйлеп тұрған кезінде қастандық жасалып, қаза тапқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар