Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Трамп Сауд Арабиясына шарт қойды: Израильмен қатынас қалыпқа келмейінше ядролық келісім болмайды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясымен жасалатын азаматтық ядролық келісімнің басты шарты ретінде Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді атады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлады.

Дональд Трамп
Фото: whitehouse.gov

Трамптың мәлімдеуінше, АҚШ Энергетика министрлігі мен Сауд Арабиясы арасындағы азаматтық ядролық келісім бекітіледі.

Алайда оның жүзеге асуы Сауд Арабиясының Ибраһим келісімдеріне қосылуына тікелей байланысты.

-АҚШ Энергетика министрлігі мен Сауд Арабиясы арасындағы азаматтық ядролық келісім мақұлданады. Бірақ ол толықтай Сауд Арабиясының беделді әрі табысты Авраам келісімдеріне қосылуына байланысты. Бұл келісім тек әскери мақсатта пайдаланылмайтын ядролық технологияларды қамтиды. Мұндай тәжірибе Иранда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және басқа да елдерде бар, – деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Сонымен қатар, Трамп АҚШ азаматтық мақсаттағы, яғни уран байытумен байланысты емес ядролық нысандардың дамуына қарсы емес екенін мәлімдеді.

Бұған дейін, 22 шілдеде АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райт пен Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдулазиз бен Салман Әл Сауд бейбіт атом энергетикасын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғаны хабарланған.