Трамп: Сайлауда жеңіске жетсем, Байденнің ұлына рақымшылық жасауға рұқсат берер едім
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың бұрынғы президенті, Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп президенттік сайлауда жеңіске жеткен жағдайда қазіргі америкалық көшбасшы Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге рақымшылық жасаудан бас тартпайтынын айтты, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

«Мен оны тізімнен сызып тастамас едім», — деді Трамп радиожүргізуші Хью Хьюитттің «Хантер Байден түрмеге жабылса, кешірер ме едіңіз?» деген сауалына орай.
Сонымен бірге Трамп кіші Байденнің жаман адам екенін айтты.
2023 жылдың желтоқсан айының басында америкалық көшбасшының ұлына тоғыз салық төлеуден жалтарған деген айып тағылды. Прокурорлар ол миллиондаған долларды «салық төлеудің орнына экстраваганттық өмір салтына» жұмсады деп есептейді. Ол 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2024 жылдың қыркүйегінде кіші Байден барлық тоғыз айып бойынша кінәсін мойындады.
Бұған дейін қазылар алқасы АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байденді атыс қаруын сатып алу кезінде есірткі пайдаланғаны туралы өтірік айтқаны үшін кінәлі деп тапқаны хабарланған болатын. Бұл жағдайда ол 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Трамп сайлауда жеңіске жеткен жағдайда «Таяу Шығыстағы хаосты тоқтатуға» уәде берді.