Трамп Таяу Шығыстағы бейбіт процестің жалғасатынына сенім білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру перспективасына қайта назар аудартты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Трамп Таяу Шығыстағы бейбіт процестің жалғасатынына сенім білдірді
Фото: Whitehouse.gov

АҚШ басшысы жақын уақытта Авраам келісімдерінің кеңеюін күтетінін және оларға Сауд Арабиясының қосылатынына үміт артатынын айтты. Бұл туралы ол жұма күні эфирге шыққан Fox Business Network телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

— Үмітім бар, Сауд Арабиясы қосылады, ал оның артынан басқалар да келеді. Эр-Рияд осындай қадам жасаса, бұл барлығына үлгі болады деп ойлаймын, — деді Трамп.

Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша келіссөздер жалғасып жатыр және ол жуырда келісімге қосылуға дайын елдердің өкілдерімен «өте жақсы әңгімелер» өткізген.

— Менің ойымша, олардың бәрі бұл процеске жақын арада қосылады, — деп толықтырды АҚШ президенті.

Авраам келісімдері алғаш рет 2020 жылы Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде Израиль, БАӘ және Бахрейн арасында қол қойылған болатын. Кейін оларға Марокко мен Судан қосылды. Бұл Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынастың ширек ғасырдан кейін алғаш рет қалыпқа келуін білдірді.

Бұған дейін Трамп Мысырда өткен саммитте сөйлеген сөзінде Газа секторындағы соғысты тоқтату жоспары Таяу Шығыстағы кең ауқымды бейбіт реттеудің бастамасы болуы мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ ол Иран мен Израиль арасында бейбіт келісімге келу мүмкіндігін де жоққа шығармаған. 

Соңғы жаңалықтар