Трамп: TikTok үшін баж салығын жеңілдетуге дайынмын

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп 26 наурыз күні ByteDance компаниясымен TikTok-ты сату туралы келісімге келу үшін Қытайға қарсы енгізілген қосымша баж салығын төмендетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Lianhe Zaobao  басылымы хабарлады.

Трамп
Фото: oxu.az

Талап бойынша, ByteDance компаниясы TikTok-ты 5 сәуірге дейін қытайлық емес сатып алушыға өткізуі шарт. Егер бұл шарт орындалмаса, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін деген айыппен платформаға тыйым салынуға тиіс.

Анығында бұл тыйым 2024 жылы қабылданған шешімге сәйкес, биылғы қаңтарда күшіне енуге тиіс болатын.

Сәрсенбі күні Трамп журналистерге TikTok-қа қатысты келісімге қол жетпесе, бұл мерзімді кейінге шегеруге дайын екенін айтты.

TikTok бұл мәлімдемеге қатысты әлі пікір білдірген жоқ.

Өткен жылы қабылданған нормативтік құжатқа сәйкес, ByteDance 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін TikTok-тан бас тартуға тиіс болатын. АҚШ Жоғарғы соты бұл талапты орындау туралы үкім шығарғаннан кейін, TikTok қаңтар айында АҚШ-та жұмысын уақытша тоқтатқан. Алайда, Трамп билікке оралған соң, платформа қайта іске қосылды.

Трамп президент бол сала жарлыққа қол қойып, тиісті талаптың орындалу мерзімін 5 сәуірге дейін кері шегерген. Ал өткен айда ол келісімге қол жеткізу үшін бұл мерзімді одан әрі ұзартуы мүмкін екенін ескерткен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп Microsoft TikTok-ты сатып алуға қызығушылық танытып отырғанын айтқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар