Трамп украин босқындарына АҚШ-та қалуына рұқсат беруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп украин босқындарына елде соғыс біткенше қалуға рұқсат беруі мүмкін екенін айтты. Бұл босқындар «Украинамен ынтымақтастық» (Uniting for Ukraine) бағдарламасы аясында АҚШ-та тұрып жатыр, деп жазды DW.

Трамп украин босқындарына АҚШ-та қалуына рұқсат беруі мүмкін
Фото: DW

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы аяқталғанға дейін украин босқындарының АҚШ-та қалуына рұқсат беруі мүмкін екенін мәлімдеді.

— Біз солай істейміз. Бізге Украинадан көптеген адам келді, және біз оларға көмектесіп жатырмыз, — деді Трамп 30 шілде күні бейсенбіде Вашингтонда DW тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Ресейдің Украинаға басып кіруі 2022 жылғы ақпанда басталған соң, АҚШ «Украинамен ынтымақтастық» (Uniting for Ukraine / U4U) бағдарламасы аясында украин азаматтарына елге кіруге мүмкіндік берді. Бұл бағдарлама бойынша украин азаматтарына АҚШ-та демеушілері (спонсорлары) болған жағдайда кіруге және уақытша тұруға рұқсат беріледі.

Forbes журналы маусым айында хабарлағандай, осы бағдарлама аясында 236 мыңнан астам демеушілік өтінім мақұлданған, ал 187 мыңнан астам украин азаматы АҚШ-қа келген.

Алайда Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғанда, 2025 жылғы наурызда, Reuters агенттігіне сілтеме жасаған дереккөздер АҚШ билігі 2022 жылдан кейін елге келген 240 мың украин босқынды заңды мәртебесінен айыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Ақ үй жалған деп атады.

2025 жылғы сәуірде кейбір украин босқындарына АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінен елден шығуды сұраған электронды хат келген. Кейін министрлік бұл хаттардың қателікпен жіберілгенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Германияда босқындар саны 3,5 млн адамға жеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар