Трамп украиндық босқынды өлтірген адамды өлім жазасына кесуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Солтүстік Каролина штатының Шарлотта қаласында украиналық босқын Ирина Заруцкаяны пойызда айуандықпен өлтіргені үшін кіші Декарлос Браунды өлім жазасына кесуге шақырды, деп хабарлайды New York Post

Трамп украиндық босқынды өлтірген адамды өлім жазасына кесуге шақырды
Фото: Видеодан алынған скрин

— Бейбітшілік пен қауіпсіздік іздеп Америкаға келген украиналық бойжеткенді соншалықты айуандықпен өлтірген аң «жылдам» (бұған еш күмән жоқ!) сот алдында жауап беріп, тек өлім жазасына кесілуі керек, — деп мәлімдеді Дональд Трамп Truth Social-да.

Бас прокурор Пэм Бонди «бұл кешірілмейтін қылмыс үшін ең жоғары жазаға қол жеткізуге» уәде берді және күдікті «енді еркін адам ретінде ешқашан күн көрмейтінін» мәлімдеді.

Браунның Солтүстік Каролинада 2007 жылдан бері шабуылдан бастап тонау мен атыс қаруын заңсыз ұстауға дейінгі қылмыстары үшін кем дегенде 14 рет қамауға алынғаны белгілі болғаннан кейін оның кісіні аяусыз өлтіруі бүкіл елде наразылық тудырды.

Бейнежазбада 22 тамызда пойызда келе жатқан 23 жастағы Заруцкаяны ер адам қалта пышағына ұқсайтын затпен бірнеше рет пышақтағаны көрінеді.

Заруцкая 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ-қа қашып кеткен. Әкесі Украинада соғыс жүріп жатқандықтан қызының жерлеу рәсіміне қатыса алмады.

34 жастағы Браунға сейсенбіде федералдық іс бойынша қоғамдық көлікте адам өліміне себепкер болды деген айып тағылды. Ол сондай-ақ штат заңы бойынша бірінші дәрежелі кісі өлтірді деген айыппен жауап береді.

Браунның анасы БАҚ-қа ұлының шизофрениямен ауыратынын және көшеде жүруге рұқсат бермеу керектігін баяндады.

Солтүстік Каролина — әлі күнге дейін өлім жазасын қолданатын 27 штаттың бірі.

Бұған дейін Бостон мен Чикагода заңсыз мигранттарға қарсы операциялар өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар