Трамптың кеңесшісі: президент Иранмен соғысты жақын арада аяқтауды көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президентінің араб әлемі және Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі аға кеңесшісі Массад Булос Дональд Трамп Таяу Шығыстағы соғысты жақын арада аяқтауға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Трамптың кеңесшісі: президент Иранмен соғысты жақын арада аяқтауды көздеп отыр
Фото: Euronews

Булос нақты мерзімді атаудан бас тартып, бұл шешімді Трамптың өзі қабылдайтынын айтты. Оның сөзінше, президент соғысты бейбітшілікпен аяқтау үшін жұмыс істеп жатыр.

– Президент соғыс жақын арада аяқталады деп санайды және мәселені бейбітшілікпен аяқтауға нық бекінген. Ол осы мақсатта жұмыс істеп жатыр. Ол – істің адамы. Президент Трамптың уәделерін қалай орындайтынын бәріміз көрдік. Сайлауалды немесе басқа уәделерінің ешқайсысын орындамай қалған жоқ, – деді Булос Дубайда өткен араб медиа саммитінде Euronews-ке берген сұхбатында.

Кеңесші ядролық мәселе соғысты тоқтатудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ Иранның ядролық қаруға ие болуына еш жағдайда жол бермейді. Булос Трамп келіссөздер мен диалогқа мүмкіндік беріп отырғанын айтып, өңірде бейбітшілік орнайтынына үміт білдірді.

Булос Трампты «бейбітшілік президенті» деп атап, оның сегіз қақтығысты реттегенін және қазір тағы екі жанжалмен жұмыс істеп жатқанын айтты. Алайда ол нақты қай қақтығыстарды меңзегенін және адам шығынына қатысты деректерді нақтыламады.

Булос «Авраам келісімдерін» кеңейту жұмысы 2020 жылғы АҚШ президенттік сайлауына байланысты тоқтағанын, қазіргі соғыс аяқталғаннан кейін қайта жалғасуы мүмкін екенін айтты.

Ол АҚШ-тың Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания және Парсы шығанағындағы басқа елдермен қарым-қатынасы берік екенін атап өтті. Булостың пікірінше, Таяу Шығыс тұрғындарының бір бөлігі Трамптың дәстүрлі отбасы құндылықтарына қатысты ұстанымдарын қолдайды.

Судандағы жағдайға тоқталған кеңесші бұл елдегі соғысты да тезірек тоқтату қажет екенін айтты. Оның мәліметінше, Суданда 35 млн адам гуманитарлық көмекке мұқтаж, ал АҚШ соғыс басталғалы бері елге 3 млрд доллардан астам гуманитарлық көмек бөлген.

Булос сондай-ақ Трамптың аралық сайлауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, америкалық сайлаушылар үшін ішкі мәселелер әдетте негізгі басымдық болып қала береді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Трамп ЕО-ға баж салығын көтеретіні туралы мәлімдеп, ескерту жасады.

Сондай-ақ ол АҚШ Жоғарғы сотын қатаң сынға алды.