Трамптың тарифтері: әлемдегі ең бай адамдар 24 сағатта 208 млрд доллардан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Bloomberg мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа кедендік баж салығын енгізетінін жариялағаннан кейін бір күнде ғаламшардағы ең бай 500 адамның жалпы байлығы 208 млрд долларға қысқарды, деп хабарлайды ТАСС.

Трамп мәлімдемесі әлемдік қаржы нарықтарын құлдырауға әкеліп, индексті соңғы 13 жылдағы және COVID-19 пандемиясының басталуынан бергі төртінші ең үлкен бір күндік құлдырауға әкелді. Тізімге қатысушылардың жартысынан көбі шығынға ұшырап, орташа есеппен өз капиталының 3,3%-ға жуығынан айырылды.
Әсіресе америкалық кәсіпкерлер қатты зардап шекті. Meta компаниясының бас директоры Марк Цукербергтің байлығы компания акциялары 9%-ға төмендегеннен кейін 17,9 млрд долларға қысқарды. Amazon негізін қалаушы Джефф Безос дәл осындай себеппен 15,9 млрд доллар жоғалтты. Tesla бас директоры Илон Маск 11 млрд долларынан айырылды, себебі оның компаниясының акциялары 5,5%-ға арзандаған.
Кейбір миллиардер зардаптардан құтыла алды. Атап айтқанда, мексикалық кәсіпкер Карлос Слим жаңа тарифтердің айтарлықтай әсерін сезінген жоқ.
Еске сала кетсек, президент Дональд Трамп АҚШ-тың барлық сауда серіктесі үшін 10% тарифті және өзінің «Америка бірінші кезекте» атты бағдарламасы аясында өзге ондаған мемлекетке барлық саланы қамтитын жоғары баж салығын енгізуді қарастыратын пакетін ұсынды.
Әлем көшбасшылары Трамп енгізген тарифтерге қалай қарайтынын жазған болатынбыз.
Мұнай бағасы Трамптың жаңа тарифтері және ОПЕК+ шешімдері аясында төмендеді.
Ақпаратты Kazinform агенттігіне арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынды.