Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Трамптың Truth Social жазбаларын монетизациялауына байланысты сотқа шағым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — The Intercept және Freedom of the Press Foundation коммерциялық емес ұйымы Трампқа қарсы сотқа талап арыз түсірді. Олар АҚШ президентінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбаларына алдын ала қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақылы Truth API қызметінің жұмысын тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды DW. 

Дональд Трамп
Фото: Report.az

Америкалық The Intercept жаңалықтар басылымы мен Freedom of the Press Foundation (FPF) коммерциялық емес ұйымы АҚШ президенті Дональд Трампқа қарсы сотқа шағым түсірді. CNBC хабарлауынша, талапкерлер Ақ үй басшысының Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбаларына алдын ала қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақылы Truth API қызметінің жұмысын тоқтатуды талап етіп отыр. Талапта Truth API қызметі АҚШ Конституциясындағы Бірінші және Бесінші түзетулерді бұзатыны, ол жазылушыларға — «негізсіз сомаға» Трамптың жария мәлімдемелері, сондай-ақ вице-президент Дж. Д. Вэнс пен ФТБ директоры Кэш Пател сияқты басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың жазбаларына алдын ала қолжетімділік беретіні айтылған.

— Бұл — ерекше сипаттағы, сыбайлас жемқорлыққа негізделген және Конституцияға қайшы келетін схема, талапкерлер оны тоқтату мақсатында сотқа шағым түсіріп отыр, — деп мәлімдеді The Intercept пен FPF.

Талапкерлер атап өткендей, 2025 жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралғаннан бері Трамп Truth Social-да 9 мыңнан 11 мыңға дейін жазба жариялаған.

— Оның кейбір жазбаларына Ақ үй тарапынан дереу әрі тиісті мәлімдеме қоса берілген жоқ. Басқаша айтқанда, президент Трамптың жазбалары — үкіметтің ресми жаңалықтарын алудың жалғыз жолы, — деп атап өтті олар.

Трамп Truth Social желісіндегі жазбаларын ақшаға айналдырып отыр

Truth Social-дың бас компаниясы — Trump Media & Technology Group (TMTG) Truth API қызметін шілде айының соңында іске қосты. Оған жазылу айына 100 мың долларға дейін сомаға сатылған. Жазылушылар Трамп пен оның серіктестерінің жаңа жазбаларына қарапайым пайдаланушыларға қарағанда әлдеқайда жылдам — миллисекунд ішінде қол жеткізе алатыны хабарланды.

Жақында TMTG бас директорының міндетін атқарушы Кевин МакГерн Truth API қызметіне қазірдің өзінде 10-нан астам адам жазылғанын мәлімдеді, олардың қатарында негізінен қор биржалары мен қаржы нарықтарындағы жоғары жылдамдықты сауда операцияларына маманданған компаниялар бар. МакГерн сондай-ақ басқа әлеуетті клиенттермен, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатқанын қосып өтті.

Трамп Truth Social арқылы қор нарықтарына айтарлықтай әсер ететін шешімдерді жариялап отырады. Сол себепті оның жазбаларына ертерек қол жеткізу трейдерлерге қомақты табыс әкелуі мүмкін. АҚШ Президентінің өзі TMTG компаниясының ең ірі акционері екенін ескергенде, Truth API-дің іске қосылуы Трамптың өз қызметін жеке коммерциялық мақсатта пайдаланып жатқан-жатпағанына қатысты күрделі сұрақтар туындатып отыр.

Осыған дейін АҚШ соты Ақ үй маңындағы бал залының құрылысын тоқтатқанын хабарладық