Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 5,6 есеге өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Теңіз инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның халықаралық логистикадағы рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған. Қазақстандық теңіз порттарының жиынтық қуаты бүгінде 21,8 млн тоннаны құрайды, ал 2030 жылға қарай оны 30 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 5,6 есеге – 800 мыңнан 4,5 млн тоннаға дейін ұлғайды.
Ақтау және Құрық порттарын дамыту, жаңа терминалдар салу, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, айлақтарды реконструкциялау және теңіз флотын кеңейту жалғасуда. 2029 жылға дейін құрғақ жүктер мен контейнерлік кемелерді қоса алғанда тағы 8 жаңа кеме сатып алу жоспарлануда. Кешенді жаңғырту Транскаспий бағыты мен «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін жыл сайын 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
E-Joldar және Smart Cargo цифрлық платформалары тасымалдарды басқарудың жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.
Президент Жолдауын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі көлік саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу болып саналады. E-Joldar цифрлық платформасын құру жұмыстары жалғасуда. Ол автомобиль жолдарын салу және жөндеу барысын бақылауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар көлік ағындарын цифрлық бақылау жүйесі дамытылып, өткізу пункттері жаңғыртылуда, интеллектуалды логистикалық шешімдер енгізіліп, тасымалдарды басқарудың бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптастырылуда.
Smart Cargo цифрлық платформасын енгізу, жасанды интеллект технологияларын қолдану, мультимодальды тасымалдарды дамыту және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүктердің «жасыл дәліз» қағидаты бойынша жедел өтуіне жағдай жасау айрықша маңызға ие.
Көлік саласын жаңғырту жолдарды, теміржолдарды, авиацияны, порттарды, жылжымалы құрамды және цифрлық сервистерді қамтиды. Бұл инфрақұрылымның өткізу қабілетін кеңейтеді, жүк және жолаушылар тасымалын жеделдетеді әрі аймақтардың байланысын арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық дәліздерді дамытады және Еуразияның негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретінде елдің позициясын нығайтады.
Айта кетелік Транскаспий цифрлық дәлізін салудың ең күрделі кезеңі аяқталған еді.