Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы 10 млн тоннаға дейін ұлғаяды
АСТАНА. KAZINFORM – Транскаспий дәлізі арқылы соңғы бес жылда осы бағыттағы тасымал көлемі алты есе өсіп, 2020 жылғы 800 мың тоннадан өткен жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.

- Еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында былтыр шілдеде 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспар бекітілді. Жоспардың негізгі мақсаты – тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін дамыту, халықтың қажеттілігін қанағаттандыру, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Негізгі бағыттарға тоқталатын болсам, ең алдымен бүгінде Қазақстан мен бүкіл өңір үшін стратегиялық рөл атқарып отырған Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуын ерекше атап өткім келеді. Соңғы бес жылда осы бағыттағы тасымал көлемі алты есе өсіп, 2020 жылғы 800 мың тоннадан өткен жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Алдағы уақытта жүк тасымалы көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар, - деді Қанат Бозымбаев елордада Astana Finance Day – 2025 халықаралық форумында.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, бұл нәтиже бәсекеге қабілеттілікті айқын көрсетеді.
- Өткен жылдың желтоқсанында негізгі жүйені жаңғыртуға және сенімді энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Негізгі индикатор – тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету. 86 мың шақырымдық инженерлік желіні жаңғыртуға шамамен 6,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл апат санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2035 жылға дейін кемінде 26 ГВт жаңа энергия өндіруші қуат көзін енгізу жоспары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңартылатын энергия көзінің үлесін арттыру, маневрлік газ генерациясын, гидроресурсты және базалық көміртекті қуат көзін дамыту есебінен іске аспақ, - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада Astana Finance Day – 2025 халықаралық форумы өтіп жатыр.