Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы 3,5 есе өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ пен Қазақстан Астанада өткен Транскаспий көлік дәлізін үйлестіру платформасының үшінші ұлттық семинары барысында Транскаспий көлік дәлізін (ТКД) одан әрі дамыту жөніндегі өз міндеттемелерін растады. 

Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы көлемі 3,5 еседен астам өсті
Фото: Kazinform

Семинарға мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының, ұлттық компаниялардың, даму жөніндегі серіктестердің және жеке сектордың өкілдері қатысып, осы уақытқа дейін қол жеткізілген нәтижелерді талқылап, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудың келесі қадамдарын қарастырды. Семинарға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич ханым тең төрағалық етті.

Іс-шара 2026 жылғы 23 маусымда өтетін және дәліз бойындағы барлық ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Транскаспий көлік дәлізі бойынша жоғары деңгейдегі кездесудің қарсаңында ұйымдастырылды.

— Еуропалық Одақ құны 30 миллион еуро болатын Транскаспий көлік дәлізін қолдау бағдарламасы және басқа да жобалар арқылы Ақтау портының инфрақұрылымын жаңғыртуды, Бейнеу — Сексеуіл автомобиль жолын кешенді жаңғыртуға дайындықты қолдайды, сондай-ақ шекарааралық рәсімдерді үйлестіру мен цифрландыруға жәрдемдеседі. Еуропалық Одақтың банктерімен және бизнес өкілдерімен, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттермен, сондай-ақ Орталық Азиядағы серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықта біз дәліздің жылдамдығы мен сенімділігін арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеміз, — деді елші Симкич.

Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясы аясында Транскаспий көлік дәлізі, Еуропа және Орталық Азия арасындағы орнықты байланысты нығайтудың негізгі басымдықтарының біріне айналды, бұл ретте Қазақстан еуразиялық көлік торабы ретінде айрықша маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары дәліз арқылы жүк тасымалы көлемі 3,5 еседен астам өсті, ал Қытай мен Еуропа арасындағы тасымал уақыты түрлі инфрақұрылымдық жобалар мен көлік процестерін жетілдіру нәтижесінде едәуір қысқарды. 2024 жылдан бастап Еуропалық Одақ пен халықаралық қаржы институттары өңірдегі нақты жобаларға шамамен 2,5 миллиард еуро көлемінде қаржы бөлді.

Семинар барысында қатысушылар Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту, Транскаспий көлік дәлізінің негізгі бағыттары бойындағы автомобиль, теміржол және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жеке инвестицияларды жұмылдыру және дәліздің тиімділігін одан әрі арттыру жөніндегі басқа да шараларды талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар инфрақұрылымды дамыту, цифрлық трансформация, реттеуші реформалар және жаңа инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға міндеттемелерін растады. Бұл бастамалар Транскаспий көлік дәлізінің Еуразиядағы негізгі сауда және көлік байланысы бағыттарының бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған. 

Айта кетелік Үкімет басшысы Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдету қажет екенін айтқан еді