Транскаспий дәлізі: Түркия Еуразияның жаңа логистикасында қандай рөл атқарады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаһандық сауда бағыттары қайта қалыптасып жатқан кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі дәліздің біріне айналды. Осы үдерісте Түркия Орта дәліздің батыс қақпасы ретінде рөлін күшейтіп, халықаралық позициясын нығайтуға ұмтылуда. Бағытты дамытуға қатысты мүмкіндіктерді Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі тарқатты.
Жаңа логистикалық карта
Бүгінде Түркия Қытай мен Орталық Азиядан Еуропа нарықтарына жүк жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды логистикалық буынға айналып отыр.
Соңғы жылдардағы геосаяси және қауіпсіздік факторлары бұл үдерістің жеделдеуіне тікелей әсер етті. Қызыл теңіздегі тұрақсыздық Суэц каналы арқылы тасымалдаудың құнын арттырып, тәуекелін күшейтті. Ресей аумағы арқылы өтетін Солтүстік дәлізге салынған санкциялық шектеулер бағыттың тартымдылығын төмендетті.
Осы жағдайда Орта дәліз тек балама бағыт ретінде емес, сенімді әрі жылдам көлік жолы ретінде алға шықты. Ұзындығы шамамен 7 мың шақырым болатын маршрут Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтеді. Жүк орта есеппен 12–15 күн ішінде жеткізіледі. Ал Суэц каналы немесе Африканы айналып өтетін теңіз бағыттарында бұл мерзім 35-45 күнге дейін созылатын.
Логистикалық артықшылықтар Түркия үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы елге транзиттік кіріс әкеліп, оның геоэкономикалық ықпалын күшейтті. Соның нәтижесінде Анкара жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын одан әрі бекемдеп келеді.
Орта дәліздің экономикалық әсері: Түркия мен Қазақстанның байланысы
Стратегиялық зерттеулер және даму орталығы жанындағы Қоғамдық дипломатия кеңесінің төрағасы, бас экономист Мұрат Гүрелдің айтуынша, әлемдік экономика біртіндеп Азияға қарай ойысып келеді. Осыған байланысты көлік және энергетикалық дәліздердің маңызы артып отыр.
Сарапшы Еуразиядағы жаңа көлік жүйесінде Түркияның рөліне ерекше тоқталады. Оның пікірінше, Түркия тек транзиттік ел емес. Ол – Еуропа, Кавказ, Орталық Азия және Таяу Шығысты байланыстыратын маңызды буын. Орта дәліз де тек көлік жобасы емес. Ол Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты күшейтетін құрал ретінде дамып келеді.
Мұрат Гүрелдің айтуынша, бұл бағытта Қазақстанның орны ерекше. Қытайдан келетін негізгі жүк ағындары Қазақстан арқылы өтеді. Жүктер Ақтау және Құрық порттарына жеткізіледі. Одан әрі Каспий теңізі арқылы Оңтүстік Кавказға өтеді. Кейін Түркияға жетіп, Еуропа нарықтарына шығады.
– Қазіргі таңда Орта дәліз арқылы Азия мен Еуропа арасындағы жүк шамамен 15 күнде жеткізіледі. Бұл Суэц каналы арқылы өтетін теңіз жолдарынан әлдеқайда жылдам. Әуе тасымалынан да арзанырақ. Қатысушы елдер үшін пайда транзиттік табыспен шектелмейді. Ең маңыздысы – бұл дәліз халықаралық компанияларды тартады. Жеткізу тізбектерін әртараптандыруға мүмкіндік береді, – деді Мұрат Гүрел.
Инфрақұрылымдық серпін
Түркия аумағында Орта дәлізді дамыту жеке инфрақұрылымдық жобалар деңгейінен шығып, біртұтас мультимодальды көлік жүйесіне айналып келеді. Оның негізгі тірегі – Баку–Тбилиси–Карс (БТК) теміржол магистралі. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде оның өткізу қабілеті жылына 5 миллион тоннаға жетті. Алдағы уақытта көрсеткішті 15 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Сонымен қатар Түркия ішкі теміржол желісін белсенді түрде кеңейтіп жатыр. Карс қаласы Сивас, Анкара және Ыстанбұлдағы ірі логистикалық орталықтармен байланыстырылуда. Еуропалық көлік жүйесімен ықпалдасу да күшейіп келеді. Бұл бағытта Мармарай тоннелі мен Болгария шекарасындағы Капыкуле өткелі маңызды рөл атқарады.
Порт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Анкара теңіздегі қайта тиеу тәуелділігін азайтуды көздейді. Сондай-ақ логистикалық тізбектегі әлсіз тұстарды қысқартуға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта Мерсин және Искендерун порттары жаңғыртылуда. Қара теңіздегі Фильос терең су порты да кеңейтіліп жатыр. Ол болашақта Транскаспий бағыты бойынша жүктерді бөлу орталығына айналуы мүмкін.
Жүйені дамытуда құрғақ порттар мен цифрлық логистикалық хабтар да маңызды орын алады. Олар кеден рәсімдерін жеделдетіп, тасымал ашықтығын арттырады.
Бизнес пен саудаға жаңа мүмкіндік
Орта дәлізді дамытудың Түркия үшін экономикалық тиімділігі тек транзиттік табыспен шектелмейді. Халықаралық қаржы институттарының бағалауынша, жылына 11 миллион тонна жүк тасымалданса, ол ел экономикасына айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін.
Бұл жерде көлік және логистикалық қызметтерден түсетін кіріс туралы ғана айтылмайды. Ең бастысы – түрік бизнесінің жаһандық жеткізу тізбектеріне қатысу мүмкіндігі кеңейеді.
Сонымен қатар маршруттың дамуы түрік өнімдерін Еуропа мен Азия нарықтарына жеткізуді жеңілдетеді. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ Түркияның халықаралық саудадағы белсенділігін күшейтпек.
Каспийден геосаясатқа дейін
Орта дәлізді дамыту бірқатар күрделі сын-қатерлермен қатар жүруде. Техникалық мәселелердің бірі – маршруттың мультимодальды сипаты. Жүктер теміржол және теңіз көлігі арасында қайта тиеледі. Бұл жеткізу уақытын ұзартады, сәйкесінше тасымал шығынын арттырады.
Институционалдық кедергілер де толық шешілмеген. Қатысушы елдер үйлестіру бағытында алға жылжыды. Дегенмен тарифтік саясатты біріздендіру мәселесі өзекті. Құжат айналымын цифрландыру да толық аяқталмаған. Бұл бағытта кеден қызметтерінің өзара іс-қимылын жетілдіру қажет.
Түркия үшін қосымша қиындықтар бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық жобалар қымбатқа түседі. Экономиканың борыштық жүктемесі жоғары. Ұлттық валюта да құбылмалы. Бұл жағдай ірі жобалардың сыртқы инвестицияға тәуелділігін күшейтіп отыр.
Геосаяси факторлар да маңызды рөл атқарады. Орта дәліздің табысы Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа байланысты. Түркияға мүдделерді тең ұстау қажет. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы да ескеріледі. Еуропалық одақтың көлік және экология талаптары да назарда. Себебі аймақтағы кез келген саяси шиеленіс жобалардың қарқынын баяулатады.
Институционалдық ынтымақтастық біртіндеп күшейіп жатыр. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия логистикалық жүйені бірге дамытуға мүдделі. Middle Corridor Multimodal Ltd. операторы құрылды. «Бір терезе» қағидаты енгізілуде. Ал ол жеткізу жылдамдығын арттырады.
Дәліздің болашағы қатысушы елдердің әрі қарайғы үйлесімді әрекетіне байланысты. Бұл – Орта дәліздің тиімділігін айқындайтын тетік.
Келесі қадам қандай?
Орта дәлізді басқа халықаралық көлік бастамаларымен ықпалдастыру Түркия үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Сол жобалардың ішіндегі ең ірісі – Анкараның Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері және Қатармен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Даму жолы» (Development Road) бастамасы. Ол Түркияның көлік желісін Парсы шығанағындағы Әл-Фао портымен байланыстыруды көздейді. Бұл порт өңірдегі ірі логистикалық орталықтардың біріне айналуы мүмкін.
Егер осы жобалар бір-бірімен тиімді ықпалдасса, Түркияның жаһандық логистикадағы рөлі айтарлықтай күшейеді. Ел тек Азия мен Еуропаны емес, Парсы шығанағы, Оңтүстік Азия және Еуропа нарықтарын байланыстыратын маңызды буынға айналады. Нәтижесінде Шығыс–Батыс және Оңтүстік–Солтүстік бағыттарындағы жүк ағындары тоғысатын ірі көлік хабы қалыптасады.
Анкараның стратегиялық мақсаты транзитпен шектелмейді. Көлік дәліздерінің бойында және ірі порттардың маңында арнайы экономикалық аймақтар құрылуда. Мұнда жүктер тек қайта тиелмейді. Олар қосымша өңдеуден өтеді. Кейін қайта жөнелтуге дайындалады. Бұл тәсіл қосымша құн қалыптастырады.
Түркияның бұл тәжірибесі Орта дәлізді дамытудағы негізгі қатысушылардың бірі – Қазақстан үшін де маңызды. Маршрутты дамыту Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер береді. Индустриялық және экспортқа бағытталған кластерлерді дамытуға жол ашады.
Мұрат Гүрелдің пікірінше, Орта дәліздің табысты дамуы үшін инфрақұрылымдық және институционалдық шектеулерді жою қажет.
– Солтүстік бағытпен және Иран арқылы өтетін дәліздермен бәсекеде Орта дәліз елдері цифрлық кеден жүйелерін жедел енгізуі керек. Тарифтік саясат ашық болуы тиіс. Логистикалық хабтар дамуы қажет. Еуропа талаптарына сай экологиялық стандарттар енгізілуі керек. Егер үйлестіру сақталып, инвестициялар жалғасса, бұл бағыт Азия мен Еуропа арасындағы негізгі сауда арналарының біріне айналады, – деді Мұрат Гүрел.
Осылайша, Орта дәліз Еуразияның жаңа логистикалық архитектурасының маңызды бөлігіне айналып отыр. Түркия үшін жоба Азия мен Еуропа арасындағы ірі логистикалық хаб ретіндегі орнын күшейтеді. Ал Қазақстан үшін міндет бұдан да кең.
Қазақстан өзінің стратегиялық географиялық орналасуын тиімді пайдалана алады. Ол үшін логистика дамуы қажет. Халықаралық көлік дәліздері бойында жаңа іскерлік орталықтардың қалыптасуы да маңызды.
Түптеп келгенде, Орта дәліздің болашағы тек географияға байланысты емес. Ол мемлекеттердің өзара үйлесімді жұмысына тәуелді болып отыр.