Трансплантацияны қабылдауға қоғамды дайындау қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам ағзасындағы мүшелердің иесі көз жұмғаннан кейін де өмірін жалғастыратыны бүгінде ешкімге таңсық емес. Жыл өткен сайын мұндай медициналық операциялардың көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанда 177 науқастың өмірі осындай жолмен ұзарса, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен үш есеге артық екен.

Трансплантацияны қабылдауға қоғамды дайындау қажет

Құзырлы орган мәліметіне сүйенсек, қазіргі күні бізде 7000 пациент органдарын алмастыруға зәру, оның ішінде, 3000 адам - бүйрек, 1200 адам - жүрек, 80-нің үстіндегі адам бауыр трансплантациясын күтуде. Аталған донорлық органдарды ауыстыру бойынша күрделі операция Ұлттық медициналық холдинг клиникаларында жүргізіледі.

Бұдан бөлек, аймақтарда тікелей Денсаулық сақтау министрлігіне бағынатын Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында құрылған трансплантология үйлестіру орталығының бөлімшелері ашылды. Осылайша, әрбір облыстық ауруханаға аймақтық трансплантациялық үйлестіруші қызметі енгізілген. Басқа біреудің мүшесін алмастыру арқылы адам өмірін аман алып қалуды көздейтін маман қолдан тыныстандыру аппараты арқылы демалып жатқан, ми жасушалары жақын арада қызметін тоқтатады деп диагноз қойылған дертті жандардың, дұрысы, олардың туған-туыстарының мәселеге түсіністікпен қарайтынына сенім артады.

Дүниеде жақын кісінің қазасынан ауыр ештеңе жоқ. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» десе де, халқымыз жер қойнына берген жақын-жуығының жансыз денесіне «пышақ тигізуді» қаламайды. Жай ғана сараптама жүргізудің өзіне үрке қарайтын жұртшылық миы жұмысын тоқтатып, бақиға жол тартқалы тұрған туысының дене мүшелерін беруден көп жағдайда ат-тонын ала қашады. Ал трансплантациялау үшін адамның ата-анасы, жолдасы, балалары сияқты ет жақындарының рұқсатын алу міндетті.

Бірақ өмір сүруден үмітті екінші тарап та бар емес пе?! Облыстық аурухананың реанимациялық бөлімінің меңгерушісі, Атырау облысы бойынша үйлестірушісі Ғалия Нұрғалиеваның айтуынша, бүгінде тек қана жүрегін ауыстыруды күтіп жатқан алты атыраулық бар. Олардың қыл үстінде тұрған ғұмыры кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Жасанды бүйрекпен күн көріп жүргендердің саны қырықтан асып жығылады. Бұған дейін жалпы саны туыстарының донорлық етуімен 17 облыс тұрғыны бүйрегін ауыстырыпты. Олардың бәрі айығып, аман-есен тұрып жатқанына шүкіршілік етеміз.

Облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Еркінбек Шохаев ислам дінінің адамға қайырымдылық жасауды қашанда хош көретінін айта отырып, жаратқан иеміз үшін адамның тәнінің емес, жанының маңыздылығына тоқталады. Дін өкілінің айтуынша, бұл жерде мәселе - донорлық органның кімге, қандай жолмен берілетінін заң жүзінде нақтылау. Сонда жұртшылық тарапынан «марқұмның дене мүшелерін көлеңкелі бизнеспен айналысып отырғандар пайдаланып кетпеді ме?» деген күмәнді ойлар туындамайтын болады.

Облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі соттың судьясы Нағима Искакова көтерілген мәселе елімізде уақыт өте оң шешімін табады деген пікірде. Қазіргі таңда оған қоғам дайын болмауы мүмкін. Соған қоса, мұндай қадамға материалдық жағынан дайын еместігіміз де анық. Айталық, заңдық тұрғыдан дәл бүгін реттелді дегенде де, бізде денені, мүшелерді сақтауға мүмкіндік жоғы анық. Жалпы, біздің елде сауалнамаға қатысқандардың кейбірі дене мүшелерін өзінен кейін мұра етіп қалдыруға қарсы еместіктерін айтады. Сол арқылы біреулердің өміріне араша түссе несі айып?! Бірақ оның нақты механизмі қалай жүзеге асады? Екі ортаға қылмыстық топтар араласып кетпей ме? Донорлар базасының құпиялылығы сақтала ма? Міне, осы жайлар шешімін тапқан кезде дамыған елдерде жүйеге түскен адамның дене мүшесінің трансплантациясы бізде де жат болмайды.

Шиналханов