«Транстелеком» АҚ мен ОҚО әкімдігі аймақта пилоттық смарт-жобаларды іске қосу туралы келісімге келді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 12 қарашада «Транстелеком» АҚ президенті Дәурен Пішембаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловпен жұмыстық кездесуі өтті.
Кеңеске сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің және «Транстелеком» АҚ өкілдері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар «смарт» технологиялардың даму мүмкіндіктерін, сондай-ақ аймақта байланыс каналдарын жаңартуды талқылады, деп хабарлайды «Транстелеком» АҚ баспаөсз қызметінен. Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде Шымкентте смарт-технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты. Бұған қоса, ол аймаққа ақпараттық жүйелер мен телекоммуникациялық қызметтерді құру бойынша көпжылдық тәжірибесі бар ірі байланыс операторын тарту қажет екенін түсіндірді. Өз кезегінде «Транстелеком» АҚ президенті Дәурен Пішембаев 9 қарашада компания жұмысына 16 жыл толғанын және бүгінгі күні компанияның үлкен қалаларды да, сонымен қоса ең шалғай аймақтарды да байланыстыратын телефон байланысының ірі тармақталған желісі бар екенін атап айтты. Компания Интернет желісіне қолжетімділік қызметтерін және ірі инновациялық АТ-жобаларды іске асырады. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар Шымкент қаласында «Smart мектеп», «Smart емхана», «Smart көше жарығы» және т.б. сияқты бірқатар пилоттық смарт-жобаларды іске қосу туралы келісімге қол жеткізді. Кездесу қатысушылары айтып өткендей, Оңтүстік Қазақстан облысында смарт-бастамаларды бұдан әрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі бойынша ауқымдандыру жоспарланып отыр.