Транзиттік пойыздардан жүк ұрлаудың 15 фактісі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы транзиттік пойыздардан жүк ұрлаудың 15 фактісі тіркелді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментінен мәлім етті.

пойыз, ұрлық
Фото: Nano Banana

- 2025 жылы Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «ҚХР – Еуропа» бағыты бойынша транзиттік пойыздармен тасымалданған жүктерді ұрлаудың 15 фактісі тіркелді. Тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету мәселесі Көліктегі ПД басшылығының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, Көліктегі ПД «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Әскерилендірілген темір жол күзеті»» ЖШС-мен бірлесіп, жүк ұрлығының алдын алу бойынша кешенді жедел алдын алу іс-шараларын қабылдап жатыр, - деп атап өтті департаменттен агенттік сауалына орай.

Сонымен қатар ведомство мәліметінше, ұшақтар мен пойыздарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі. Нақтырақ айтқанда, жолаушылар алкогольдік ішімдік ішеді немесе масаң күйде жүреді. Мұнан бөлек тыйым салынған орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын шегеді.

- 2025 жылы Көліктегі ПД қызметкерлері есірткіге байланысты 367 құқық бұзушылық анықтады. Оның 54-і - сату, 19-ы - аса ірі көлемде сақтау, 2-еуі - қылмыстық топ құру, сондай-ақ 14-і - контрабанда фактісі. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 794 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар, әуежайлар мен теміржол вокзалдарында жүргізілген тексеру іс-шаралары барысында суық қаруды алып жүруге қатысты 402 фактінің жолы кесілді. Ұшақтар мен пойыздарда есірткі заттары мен қару тасымалдау деректері тіркелген жоқ, - деді ведомстводан.

Айта кетсек, жуырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалдары жаңа тәсілмен бақылауға алынды. Енді екі немесе одан да көп ел арқылы өтетін тауарлар арнайы навигациялық пломбалар арқылы қадағаланады. «Nur Joly» кеден бекетінің басшысы Мұрат Ерденбековтің айтуынша, бұл пломбалар жүк көліктері мен вагондарға орнатылады және олардың қозғалысын жол бойы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе алдымен автомобиль және теміржол көлігімен тасымалданатын тауарларға енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум