ТШО, Каспий мұнай, Маңғыстаумұнайгаз және NCOC–ке қомақты сомада айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі мұнай өндіруші бірнеше комнанияға қомақты сомада айыппұл салды. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабынан мәлім болды.

Премьер-министр Үкімет экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы балансты қамтамасыз ете отырып, табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты атқарып келе жатқанын айтып отыр. Экологиялық кодексте өндірістік қуаттарды жаңғырту және I санаттағы кәсіпорындарды бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген. Озық технологияларды пайдалана отырып, кешенді экологиялық рұқсатнамалар жүйесі енгізілді.
Талаптар орындамаған кезде айыппұл мен және эмиссиялар үшін мөлшерлемені 2, 4 және 8 есеге өсіру қарастырылған, сондай-ақ шығарындылар нормативтерін асырғаны үшін жауапкершілікті күшейту ескерілген.
— Мәселен, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2022-2024 жылдары экология талаптарын бұзғаны үшін «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 2,8 млрд теңгеден астам, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясынан 12,4 млрд теңгеге жуық әкімшілік айыппұл өндірді. Сонымен қатар, былтыр «Каспий мұнай» АҚ (13,7 млрд теңге) және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (32,2 млрд теңге) экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, — деп жазды Олжас Бектенов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ОПЕК+ мұнай көлемін нарыққа кезең-кезеңімен қайтарудың кестесіне түзету енгізеді.