ТШО Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатты
АТЫРАУ.KAZINFORM – «Теңізшевройл» компаниясы сақтық шарасы ретінде Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын растады.
Компанияның хабарлауынша, бұл шешім өндірістік нысандардағы электр энергиясын тарату жүйелерінің кейбір бөліктерінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған.
- Зардап шеккендер жоқ, ал қызметкерлердің қауіпсіздігі компания үшін ең жоғары басымдық болып қала береді. ТШО-ның техникалық қызметтері оқиғаның бастапқы себебін анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ал негізгі мақсат – қалыптасқан жағдайды қауіпсіз түрде жою. Компания аталған жағдайдың ықтимал салдарын барынша азайту мақсатында мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылда жұмыс атқарып жатыр,- деп мәлімдеді «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметі.
Еске салайық, 18 қаңтарда Теңіз кен орнында өрт болып, 450-ден аса жұмысшы эвакуацияланғанын хабарлаған едік.