Цифрландыру есебінен бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсті – Қаржы министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрландыру есебінен мемлекеттік бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсім қамтамасыз етілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясындағы негізгі міндет – жекелеген бағыттарды автоматтандырумен шектелмей, мемлекеттік қаржыны басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру.
– Бұл жүйеде әрбір шешім нақты мәліметтерге негізделеді, ал жоспарлаудан бастап нақты пайдалануға дейінгі әрбір теңге ашық әрі бақылауда болады. 2029 жылға дейін бұл тәсіл мемлекет, бизнес және азаматтар үшін барлық негізгі бағыттарға таралады, – деді Мәди Тәкиев.
Оның айтуынша, цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – Мемлекеттік кірістер комитетін фискалдық деректер фабрикасына айналдыру.Қазір салық жүйесінде 3,9 млрд операция жүргізілген, 1,8 млрд шот-фактура рәсімделген. Сонымен қатар 17,7 млрд құжат тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы өңделген. «Smart Data Finance» жүйесі арқылы 99 мың хабарлама жолданып, 2,9 млн транзиттік декларация тіркелген.
– Ең бастысы – цифрландыру нақты қаржылық нәтиже беруде. Цифрландыру есебінен қосымша түсімдер 410 млрд теңгені құрады. Яғни ақпараттық мәліметтер тек бақылау құралы емес, сонымен қатар бюджеттің қосымша кіріс көзіне айналып жатыр, – деді министр.
Сонымен қатар Мәди Тәкиев экономикалық белсенділікті көлеңкеден шығаруға бағытталған жұмыстарға да тоқталды. 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимі енгізілді. Оның аясында цифрлық платформа салық агенті ретінде 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады.
Қазіргі таңда жүйеге Yandex, inDrive, Wolt, Glovo және басқа да сервистерді қоса алғанда, 38 платформа қосылған.
– Нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 14,5 мыңнан 805 мың адамға дейін, ал әлеуметтік төлемдер 1,4 млрд теңгеден 16,1 млрд теңгеге дейін өсті, – деді Қаржы министрі.
Оның мәліметінше, 600 мыңнан астам тіркелмеген тұлға ресми экономикалық айналым аясына қосылған.
– Осылайша, цифрландыру экономиканы бақылаумен ғана шектелмей, азаматтар мен бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей, қызметін заңдастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Мәди Тәкиев.
Айта кетейік, теңгенің нығаюы бюджет кірісін азайтқан еді.