Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Цифрландырудың арқасында Отбасы банк тұрғын үйді бөлуді үш есе жеделдетті

АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — Отбасы банк цифрлық модельге көшкеннен кейін тұрғын үйді бөлу процесін үш есе жеделдетті. 

Цифрландырудың арқасында Отбасы банк тұрғын үйді бөлуді үш есе жеделдетті
Фото: Отбасы банк

Бүгінде бұл жұмысты банктің 20 маманы атқарады. Ал бұған дейін әкімдіктерде тұрғын үйді бөлу процесіне жалпы саны шамамен 700 қызметкер тартылған.

Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесінің цифрлық трансформациясының нәтижелері туралы Отбасы банк Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысында айтып берді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы ипотекалық портфельдің 55%-ы Отбасы банктің үлесінде. Елдегі тұрғын үй сатып алуға берілетін әрбір екінші қарыз осы банкте рәсімделеді. Банктің клиенттерінің саны 4 млн қазақстандық. Күн сайын 300-ден астам отбасы ипотека алып отыр.

Банк ұлттық даму институты мәртебесін алғаннан кейін оның алдына тағы бір ауқымды міндет — тұрғын үйге мұқтаж азаматтармен жұмыс істеу міндеті қойылды.

Тұрғын үй адам араласуынсыз бөлінеді

Тұрғын үйді бөлу процесін автоматтандыру үшін Отбасы банк «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» цифрлық платформасы мен orken.otbasybank.kz порталын іске қосты.

Жүйе 15 мемлекеттік дерекқормен интеграцияланған. Ол азаматтар туралы мәліметтерді автоматты түрде тексереді, қайталанатын деректерді алып тастайды және азаматтардың тұрғын үйді бөлу талаптарына сәйкестігін анықтайды.

Іс жүзінде әр отбасы бойынша цифрлық карта қалыптастырылады. Қажетті тексерулер қызметкерлердің қолмен араласуынсыз және қағазбастылықсыз жүргізіледі.

2026 жылдың шілдесінен бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға арналған жеке кабинет Otbasy bank мобильді қосымшасында қолжетімді болды. Смартфон арқылы азамат өзінің мәртебесін, санатын, есепке қойылған күнін және өңірін тексере алады. Сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім бере алады.

Жыл соңына дейін мобильді қосымшаның мүмкіндіктері кеңейтіледі. Азаматтар қосымша арқылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұрып, тұрғын үйді бөлуге қатысуға келісім бере алады.

Бұл әсіресе шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін маңызды. Енді қызмет алу үшін компьютер қажет болмайды және аудандық немесе облыстық орталыққа барудың қажеті жоқ.

Отбасы банктің ұлттық даму институты ретіндегі қызметі басталғалы бері 30 569 қазақстандық отбасы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй алды.

Салыстырмалы түрде: бұған дейін әкімдіктер жылына шамамен 7 000 пәтер бөлетін. Бұл процеске шамамен 700 қызметкер тартылған. Бүгінде Отбасы банкте бұл жұмысты 20 маман атқарады, ал тұрғын үйді бөлу процесі үш есе жылдам жүзеге асырылады.

Жалпы, 2021 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 143 400 қазақстандық өз баспанасына ие болды. 2033 жылға дейін банк бағдарламалары арқылы тағы 292 000 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Цифрландырудың арқасында Отбасы банк тұрғын үйді бөлуді үш есе жеделдетті
Фото: Отбасы банк

Бес күн 15 минутқа дейін қысқарды

Цифрландыру ипотеканы рәсімдеу процесін де өзгертті.

2021 жылдан бері Отбасы банк «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп Blockchain технологиясын қолданады.

Бұл технология кепілді тіркеу, тұрғын үй сатып алу кезінде меншік құқығын тіркеу, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйді жалдау шартын тіркеу және кепілді алып тастау кезінде пайдаланылады.

Мысалы, бұған дейін кепілді тіркеу бес жұмыс күніне дейін уақыт алатын. Клиент банктен қағаз түріндегі шартты алып, ХҚО-ға баратын, құжаттарын тапсырып, рәсімделуін күтетін. Кейін құжаттарын қайта алып, банкке оралатын.

Қазір бұл процестің барлығы электронды форматта жүзеге асырылады және небәрі 10–15 минут уақыт алады.

Технология іске қосылғаннан бері 254 172 операция жүргізілді. Бүгінде қарыздардың шамамен 60%-ы Blockchain технологиясы арқылы рәсімделеді.

Банктің бағалауынша, бұл процесті цифрландыру қазақстандықтардың 500 мыңнан астам жұмыс сағатын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Жасанды интеллект клиентке 3 — 4 секундта жауап береді

Цифрлық трансформацияның тағы бір бағыты — жасанды интеллект.

Quanysh AI чат-боты клиенттерге тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде кеңес береді. Бүгінде ол өтініштердің 96%-ын оператордың қатысуынсыз өңдейді. Ал жауап беру уақыты орта есеппен небәрі 3–4 секундты құрайды. Жалпы, Quanysh AI осы уақытқа дейін шамамен 3,5 млн өтінішті өңдеді.

Жасанды интеллект банктің ішкі процестерінде де қолданылады. Бұған дейін клиенттің төлем қабілетін есептеу 10–15 минут уақыт алса, қазір бұл процесс 2 минуттан аз уақытта орындалады.

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша өтінішті қарау уақыты 5 минутқа дейін, кепілді мониторингтеу 5 минутқа дейін қысқарды. Депозитті басқа тұлғаға беру операциясын рәсімдеу уақыты 135 минуттан 7 минутқа дейін азайды.

Қарызды қайта қарау бойынша қорытынды дайындау бұрын істің күрделілігіне қарай 30 минуттан бірнеше күнге дейін уақыт алатын. Қазір бұл процесс небәрі бірнеше минутта орындалады.

Бүгінде Отбасы банктің барлық операцияларының 95%-ы онлайн форматта қолжетімді. Ал цифрлық сервистерді 1,44 млн адам белсенді пайдаланады. Соңғы үш жылда олардың саны 10 есеге өсті.