Цифрлы Түркістан: Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа кезеңі
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінде қала аумағында 1000-ға жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған Жолдауларында бірнеше мәрте еліміздің цифрлық трансформацияға бейімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталған болатын. Президент атап өткендей, заманауи технологияларды енгізу — тек мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де басты тетігі. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында да «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып келеді.
Бүгінде қала аумағында 972 бейнебақылау камерасы орнатылып, толықтай жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 496-сы — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған болса, 476-сында — жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған автоматтандырылған камералар орнатылған. Бұл құрылғылар жедел басқару орталығына толықтай қосылған.
Жаңа технологияларға негізделген бұл жүйе құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге, жалпы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Камералар арқылы тәулік бойы қала көшелеріндегі ахуал бақылауға алынып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар атқарылып келеді.

Қауіпсіздік инфрақұрылымын жаңғырту мен жетілдіру жұмыстары мұнымен шектелмейді. 2025 жылы Түркістан қаласына қосымша 210 бейнебақылау камерасын орнату көзделген. Оның ішінде 40-ы — бейнеаналитикалық камералар: яғни 20-сы — бет-әлпетті тануға, ал қалған 20-сы — көлік құралдарының нөмірін анықтауға арналған. Бұл құрылғылар қылмыстық оқиғалардың ізін суытпай ашуға, іздеудегі азаматтарды анықтауға, сондай-ақ құқық бұзушыларды жедел анықтап, тиісті шара қолдануға айтарлықтай көмектеседі.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тағы 170 бейнебақылау камерасы орнатылады. Олар қала аумағындағы адам көп шоғырланатын орындарда — саябақтарда, алаңдарда, мектептер мен қоғамдық көліктер маңында орнатылмақ. Бұл құрылғылардың барлығы облыстық Жедел басқару орталығына тікелей қосылып, біртұтас қауіпсіздік жүйесін құрайды.
Аталған бастамалар Түркістанды қауіпсіз, қолайлы және технологиялық тұрғыдан дамыған қала ретінде қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда әлемнің көптеген дамыған елдерінде «ақылды қала» (smart city) концепциясы кеңінен енгізілуде. Бұл модельдің негізінде цифрлық технологиялар арқылы инфрақұрылымды басқару, қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделген.
Түркістан да осы бағытта ілгері қадамдар жасап келеді. «Ақылды қала» жобасы аясында қауіпсіздікті цифрлық жүйелермен қамтамасыз ету — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басты тетіктердің бірі. Бейнебақылау жүйесі арқылы қылмысқа жол бермеу, жол апаттарының алдын алу және тұрғындардың мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.
Сонымен бірге, құқық қорғау органдарының жұмысы да заманауи талаптарға сай жаңарып келеді. Жедел басқару орталығының мамандары бейнематериалдар арқылы жағдайды нақты бағалап, тиісті бөлімшелерге дереу ақпарат беріп отырады. Бұл өз кезегінде жедел әрекет ету уақытын қысқартып, азаматтардың шағымдарына тез жауап беруге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Түркістан қаласында соңғы жылдары халық санының артуымен қатар көлік қозғалысы мен қоғамдық орындардағы жүктеме де ұлғайған. Осыған байланысты қауіпсіздік жүйесін цифрландыру — уақыт талабы. Бұл тек тәртіпті бақылауға ғана емес, қала тұрғындарының күнделікті тұрмысына жайлылық пен сенімділік ұялатады.
Түркістан қаласындағы қауіпсіздік жүйесінің жаңартылып, заманауи технологияларға көшуі — мемлекеттің тұрғындардың тыныштығы мен өмір сапасын арттыру жолындағы стратегиялық бағытының бір көрінісі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, Түркістан «қауіпсіз қала» моделі бойынша республика көлемінде үздік тәжірибеге айналары анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақылды қала» концепциясы ретінде Түркістанның жаңа даму кезеңі басталғанын жазған болатынбыз.