Цифрлық активтерді айырбастауға тағы 5 компания үмітті

АСТАНА. KAZINFORM – Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастауға үмітті тағы 5 компания лицензиялау рәсімінен өтіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

крипто
Коллаж: Kazinform

Оның айтуынша, цифрлық активтер нарығының инфрақұрылымы бағытында Ұлттық банк Қазақстан қор биржасына цифрлық қаржы активтері платформасының және цифрлық активтер сауда платформасының операторы мәртебесін берді. Бүгінге дейін KASE (қор биржасы) цифрлық платформасында биткоин фьючерсіне арналған ETF бойынша 20,5 млрд теңгеге 34 мың операция жасалды. Үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге 650 операция жүзеге асты.

- Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастайтын лицензияланған үш оператор жұмыс істей бастады. Алғашқы екі айда олардың айналымы шамамен 2 млрд теңгені құрады. Тағы бес компания лицензиялау рәсімінен өтіп жатыр. Өз кезегінде, Орталық депозитарий ұстаушылардың бірыңғай тізілімін жүргізеді және ұлттық кастодиандық инфрақұрылымды қалыптастырады. Криптофиаттық сервистер кеңейіп келеді. Операцияларға қызмет көрсетуге банктік емес төлем провайдерлері қосылып жатыр. Криптокарта, крипто-QR және криптоэквайринг жұмыс істеп тұр. Осылайша, қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылып, нарықтың толыққанды инфрақұрылымы қалыптасты, - деді Тимур Сүлейменов. 

Оның атап өтуінше, секторды дамыту жөніндегі келесі маңызды әрі ауқымды қадам Президенттің 7 шілдедегі Жарлығы болды. Жарлық мынадай негізгі міндеттерді айқындады:
- цифрлық активтердің толыққанды индустриясын қалыптастыру;
- цифрлық активтермен операцияларды елдің реттелетін экожүйесіне көшіруді ынталандыру;
- экономиканы токендеуді іске қосу және экономиканың нақты секторын қаржыландыру көздерін әртараптандыру;
- есеп айырысудың жаңа құралдарын енгізу;
- инвесторлардың құқығын қорғау және заңсыз айналым мен капиталды әкетуге қарсы іс-қимыл жасау.

Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелерін талқыланып жатыр.