Цифрлық активтерден түскен табысқа салық салына ма
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда цифрлық активтерден табыс тапқан азаматтар үш жыл бойы жеке табыс салығын төлемейді. Бұл туралы Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шараларына арналған баспасөз брифингінде айтылды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, жеңілдік 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
— Мұндай жеңілдік тек цифрлық активтермен жасалған операциялар қазақстандық провайдерлер арқылы жүргізілген жағдайда ғана беріледі. Бұл азаматтарды шетелдік платформалардан қазақстандық провайдерлерге көшуге ынталандыру үшін енгізіліп отыр, - деді министр.
Сонымен қатар 1 қыркүйекке дейін цифрлық активтерді шетелдік платформалардан қазақстандық провайдерлерге көшіруді ынталандыратын қосымша салықтық шаралар әзірленіп жатыр.
– Бұл бюджет шығыны емес. Керісінше, заңды нарықты кеңейтуге салынған инвестиция. Криптоиндустриядан түсетін салық түсімдері 2023 жылғы 9 млрд теңгеден 2025 жылы 15 млрд теңгеден асты, – деді Жаслан Мадиев.
Айта кетейік, Қазақстанда цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету тетігі енгізіледі.