Цифрлық егемендік: Мемлекеттік органдардың QazTech-ке көшуі неге маңызды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі айда мемлекеттік органдарды цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге байланысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырған еді. Осы өзгерістердің басты элементі – QazTech ұлттық цифрлық платформасы болды.

Платформа биыл шілде айында іске қосылды және барлық мемлекеттік цифрлық сервисті біртұтас экожүйеге біріктірді. Бұрын әр ведомство өзінің ІТ бағдарламаларын жасап, уақыты мен миллиардтаған қаржысын жұмсайтын. Ал енді ортақ технологиялық конструктор көмегімен жаңа сервистерді тез жасауға және икемдеуге болады.
– QazTech платформасы 2023 жылдың 1 маусымында жарияланған байқау аясында әзірленді. Байқау нәтижесінде бағдарламалық қамту жеткізушісі ретінде «Ақылды қалалар» ЖШС іріктеліп алынды. Бұл компания қазақстандық ІТ мамандар мен сарапшыларды тартып, жобаны ұлттық басымдықтар мен ақпараттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүзеге асырды. Демек, QazTech – отандық ІТ саласының тікелей қатысуымен жасалған өнім, – деп жазылған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің агенттік тілшісіне жолдаған жауабында.
QazTech-тің басты артықшылығы – оның технологиялық негізінде. Платформа ашық кодты шешімдерге негізделіп құрылған және отандық ІТ шешімдерді қолдануды көздейді. 2025 жылдың 31 шілдесінде QazTech өндірістік пайдалануға берілді.
– Алғашқы қосылған сервистер қатарында Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы және Smart Bridge бар. Сонымен бірге, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Өнеркәсіп министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйелерін QazTech платформасына көшіру жұмыстары басталды, – деп хабарлады ведомство.
Мемлекеттік органдардың қазіргі қолданыстағы ІТ-жүйелерін QazTech-ке интеграциялау бірыңғай стандарттар бойынша атқарылып келеді. Бұл процесс қатаң заңнамаға сәйкес және стандартты протоколдар негізінде электронды үкіметтің шлюзі арқылы жүргізіледі. Бұл ретте киберқауіпсіздік мәселелеріне де баса ден қойылған.
– Платформа кезең-кезеңімен деректерді қорғаудың ең жоғары деңгейіне жеткізіледі. Бұл процесс Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес келеді. Оған қоса, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты барлық сын-қатерлер үнемі ескеріліп, деректердің сенімді қорғалуы қамтамасыз етіледі, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Сонымен бірге, QazTech платформасының маңызды бөлігі – ұлттық суперкомпьютерді атап өткен жөн. Ол жоғары деңгейде қорғалған заманауи деректер орталығында орналасқан және ауқымды деректерді талдауға, модельдеуге, ЖИ мен ғылыми зерттеулер жобаларын қолдау сияқты ресурсты көп қажет ететін міндеттерді шешуге қолданылады.

Жасанды интеллект саласында да жаңа мүмкіндіктер ашылып келеді. Әзірлеушілер QazTech кез келген сервисті, соның ішінде жасанды интеллектіге негізделген шешімдерді де ендіруге ашық екенін айтты. Бұл мемлекетке, ғылымға және бизнеске мол мүмкіндік береді.
Мұндағы негізгі мақсаттардың бірі – еліміздің цифрлық егемендігі. Платформа отандық шешімдер мен мамандарға негізделіп әзірленген және қауіпсіздігі жоғары заманауи деректер орталығы да салынған. Министрлік проприетарлық (жабық кодты) бағдарламалық қамтудан бас тартып, ашық технологияларға көшу Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Жоба тиімділікті арттырып қана қоймай, елеулі экономикалық әсер де берген. QazTech платформасын енгізу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымына кететін шығындарды азайтуға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға және оларды әзірлеу құнын төмендетуге мүмкіндік бермек.
Платформаны дамытуда заңнамалық сүйемелдеудің маңызы ерекше. QazTech платформасы жасанды интеллектіге негізделген сервистерді енгізуді қолдайды және жасанды интеллект туралы заңнамаға сәйкес дамып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба мемлекеттік басқару жұмысын жеделдетіп, ашықтығын арттырады және азаматтар, бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың өзара байланысын жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді.

Айта кетейік, жақында Үкімет жанынан цифрлық трансформация бойынша топ құрылды.
Сонымен бірге, Jibek Joly телеарнасының арнайы репортажында Қазақстанның цифрлық хабқа қалай айналғаны туралы талдау көрсетілді.