Цифрлық министрлік 4G жиіліктерін пайдалануға аукцион жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 791–801/832–842 МГц жиіліктері бойынша 4G байланысын дамытуға арналған аукцион жарияланды, деп хабарлайды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

интернет
Фото: Kcell

Ведомство 791–801/832–842 МГц (10/10 МГц) радиожиілік спектрін пайдалану құқығына аукцион өткізілетінін хабарлайды. 

— Аталған аукцион төртінші буындағы ұялы байланыс (4G) желілерін дамытуға бағытталған. Аукцион еліміздің барлық өңірін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтиды. Лоттың бастапқы бағасы 30 миллиард теңгені құрайды, — делінген министрлік хабарламасында.

Аукционға қатысу үшін үміткерлер келесі талаптарға сай болуы тиіс:

  • Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлға болуы;
  • байланыс саласында кемінде 5 жыл тәжірибесі болуы;
  • ұялы байланыс операторының лицензиясы болуы;
  • банкроттық сатысында болмауы;
  • кепілдік жарнаны толық көлемде төлеуі.

Өтінімдер электронды форматта www.gosreestr.kz веб-порталы арқылы қабылданады.

Өтінімдерді қабылдау хабарландыру жарияланған күннен бастап 30 күнтізбелік күнге созылады.

Аукционның өту уақыты 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.

Бұдан бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан Egov порталынан бас тартады деген қауесетке жауап берді.

Соңғы жаңалықтар