Цифрлық технологиялар энергетика саласын жаңа деңгейге шығарып отыр — CNPC

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық технологиялар жаһандық өнеркәсіп жүйесін, энергетика секторын және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында CNPC вице-президенті Сун Даюн мәлімдеді.

энергетика
Коллаж: Kazinform/ ЖИ

Оның айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық егемендік тақырыбы қазіргі әлемдік даму үрдістеріне толық сәйкес келеді. Энергетика және мұнай-химия салаларында цифрландыру технологиялық жаңғырту құралы ғана емес, өндірістік үдерістерді қайта құрып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық факторға айналып отыр.

— 30 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық әріптестігі мұнай-газ саласының барлық өндірістік тізбегін қамтитын кешенді жүйеге айналды. Бұл үдерісте цифрлық технологиялар өндірістің тиімділігін арттырудың маңызды құралына айналды, — деді ол.

Сун Даюнның айтуынша, алдағы кезеңде CNPC қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты төрт негізгі бағыт бойынша тереңдетуге ниетті.

Атап айтқанда, өндірістік операцияларды цифрландыруды кеңейту, мұнай-газ кен орындары, магистральдық құбырлар және мұнай өңдеу зауыттарында онлайн мониторинг пен өндірісті басқарудың заманауи шешімдерін енгізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ интеллектуалды техникалық қызмет көрсету жүйелерін дамыту, жабдықтардың жай-күйін алдын ала болжау және цифрлық басқару құралдарын енгізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, компания геологиялық зерттеулерде, өндірістік процестерді оңтайландыруда, басқарушылық шешімдер қабылдауда және кадр даярлауда жасанды интеллект технологияларын, оның ішінде «Куньлунь» үлкен тілдік моделін қолдану бойынша ынтымақтастықты күшейтуді ұсынады.

Сонымен қатар деректерді басқару жүйесін жетілдіру, бірыңғай цифрлық стандарттарды қалыптастыру және жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы бірлескен жұмыстар жалғасады.

— Біз цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруге ниеттіміз. Бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, өнеркәсіпті жаңғыртуға және орнықты дамуға ықпал етеді, — деді CNPC вице-президенті.

Бұған дейін Қазақстанның бірегей геосаяси орны оның болашақ даму мүмкіндіктерін айқындайтынын жазғанбыз.