Цифрлық теңгенің тиімділігі қандай – Ұлттық банк жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық банкі сауалымызға жолдаған жауабында 18 шілдеде қолданысқа енетін цифрлық теңгенің қандай артықшылықтары бар екенін мәлімдеді.
– Цифрлық теңге барлық пайдаланушы үшін, атап айтқанда, жеке тұлғалар, екінші деңгейлі банктер, сауда ұйымдары, мемлекет, төлем жүйелері, финтех-компаниялар мен нарықтың басқа қатысушылары үшін жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашады, – делінген хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, цифрлық теңгенің қолданушыларға беретін артықшылықтары мен мүмкіндіктері көп:
- Инновацияларды дамыту. Цифрлық теңге қаржылық қызметтерге қол жеткізуді жеңілдету және кәсіпкерлік пен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашу арқылы технологияны дамытуға ықпал етеді;
- Төлем қауіпсіздігі. Цифрлық теңгенің зманауи криптографиялық технологияларын қолдану транзакциялардың қауіпсіздігін арттырады;
- Төлемдердің қолжетімділігі. Цифрлық теңге қаржылық қызметтерді шалғайдағы аймақтарды қоса алғанда, жалпы халыққа қолжетімді ете алады;
- Төлем тиімділігі. Цифрлық теңге арқылы есептеулерді жеделдету және жеңілдету шығындарды азайтып, қаржылық операциялардың тиімділігін арттырады;
- Ашықтық пен анонимділік арасындағы тепе-теңдік. Таңбалау және оны автоматты түрде алу тетігінің болуы азаматтардың анонимділігіне нұқсан келтірмейді. Бұл үдеріс банк құпиясын сақтай отырып, мемлекеттік төлемдердің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
- Төлемдердің ыңғайлылығы. Цифрлық теңге пайдаланушыға үйреншікті құралдарды (ұялы телефондар мен карталар) пайдалана отырып, төлемдерді жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк «цифрлық теңге» ұғымына анықтама бергенін жазғанбыз.