Цифрлық жол қағазы: Астанада арнайы техниканың жұмысын енді онлайн бақылауға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда «Астана Тазалық» мекемесіне қарасты 393 техникаға жаңа жүйе орнатылды. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде әр арнайы техника қай жерде жұмыс істеп жатқанын, оның маршрутын, қанша реагент сепкенін көрсетеді.
Елордада «Астана Тазалық» кәсіпорнының қысқа дайындығы таныстырылды. Іс-шара барысында компания көпшілікке өзінің цифрлық жаңалықтарын паш етті. «Цифрлық жол қағазы» — енді Астана көшелеріне шыққан әр техника қандай бағытта жүр, қандай көлемде реагент шашты, қай уақытта жұмыс бастады — бәрін нақты уақыт режимінде көрсететін болады.
Қалың қарымен, қатты желімен ерекшеленетін сарыарқа қысы жыл сайын жол және коммуналдық қызмет үшін үлкен сынаққа айналады. Осыны ескере отырып, кәсіпорын басшылығы алдағы маусымда жұмыстың тұрақты әрі үздіксіз жүруі үшін қабылданған барлық шараларды егжей-тегжейлі көрсетті.
Мекеменің бас директоры Замир Сагинов қала тазалығы жолында күн сайын еңбек етіп жүрген мамандардың рөлін айрықша атап өтті.
— Дәл осы жұмысшылар таңмен таласа линияға шығып, көшелердің таза әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Олардың еңбегі — елорданың жайлы өмірінің негізі, — деді ол.

Сонымен қатар шара барысында кәсіпорынның негізгі цифрлық шешімдері таныстырылды. Оның орталық элементі — электрондық жол парағы жүйесі. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде қай арнайы техника қай жерде жұмыс істеп жатқанын, оның жүріп өткен маршрутын, қанша реагент себілгенін және жұмыстың қай уақытта басталғанын көрсетеді. Бұл тек бақылау құралы ғана емес, коммуналдық қызметтің ашықтығын арттыратын, жұмыстың тиімділігін бірнеше есе күшейтетін жаңашылдық. Бұл шешім қазіргі уақытта қаланың 393 арнайы техникасына енгізіліп, есептілікті автоматтандыру, ЖЖМ шығысының ашықтығы және тиімді маршруттық жоспарлау бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Электронды жол парағы жүйесіне қызығушылық елорда шеңберінен әлдеқашан асып түсті. Қазіргі таңда бұл жобаға Алматы қаласының әкімдігі назар аударып, оны енгізу бойынша сатып алу рәсімдерін бастап кетті.
Сонымен қатар «Астана Тазалық» Шымкент қаласының, сондай-ақ Павлодар және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Астананың өзінде аталған технология «Астана-Теплотранзит» АҚ көлік құралдарында енгізеді. Жүйе жеке компаниялардың да айтарлықтай қызығушылығын тудырып, коммуналдық саладағы цифрлық шешімдерге деген сұраныстың артқанын көрсетіп отыр.
Цифрландыру процесі қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығы саласын да қамтыды.
— Жұмыс барысындағы тәуекелдерді азайту мақсатында «Med365» және «Adal Check» жүйелері енгізілді. Бұл платформалар қызметкерлердің күнделікті медициналық тексеруден өтуін онлайн форматта тіркеп, машинистер мен жүргізушілердің жұмысқа рұқсат алу тәртібін нақты бақылайды. Нәтижесінде төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артады, — деп атап өтті мекеме басшысы.
Кәсіпорындағы тағы бір заманауи жаңалық — көліктерге орнатылған жүргізушінің шаршауын бақылау жүйесі.
— Ол кабинаның ішіндегі барлық бұзушылықтарды тіркейді. Айталық, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, маршрут ауыстырса немесе ұйықтап кетсе, жүйе бірден реакция білдіреді. Бұл апаттардың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады, — деді Сагинов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада жұмысшы мамандықтар байқауында «Астана Тазалық» көш бастады.