Цинциннати: Юлия Путинцева жұптық сында алғаш рет WTA 1000 жарысының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандеспен бірге жартылай финалда чехиялық Линда Носкова – ресейлік Диана Шнайдермен соңғы бәсекенің жолдамасын сарапқа салды.
Қазақстандық-канадалық жұп 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 16 минутқа созылған матчта екеуі 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Носкова – Шнайдер 2 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева – Лейла Фернандес чемпиондық атақ үшін жарыстың 3-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад – жаңазеландиялық Эрин Рутлифпен таласады.
Д.Шнайдер Париж Олимпиадасында Мирра Андреевамен бірге өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған еді.
Қазақстандық теннисші жұптық сында осыған дейін ресейлік Анна Калинскаямен Осака (Жапония) WTA 250 додасының финалына шыққан болатын. Ал WTA 1000 деңгейінде алғаш рет финалға өтіп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның жұптық сында Цинциннати турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.