«Туған жерім - нұрлы елім»: Ақтөбедегі Қобда ауданының күндері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні «Табыс» коммуналдық базарында Қобда ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
«Құт-береке дарыған Қобда» атауымен өткізілген жәрмеңкеде қала тұрғындарына ет, құс, балық, сүт, бау-бақша және көкөніс өнімдері арзан бағасына сатылды, деп жазады «Ақтөбе» газеті.
Бадана да, балық та бар
Жәрмеңке кезінде қобдалықтар «Ақ ниетпен» акциясын ұйымдастырып, алаңға 25 метрлік дастархан жайды. Жәрмеңкеге келушілер қобдалықтардың ақ дастарқанынан дәм татып, мерекелік тілектерін арнайы қойылған плакатқа жазып жатты. Бұл күні қобдалық өнерпаздар базар маңына орнатылған дала сахнасында ән-жырдан шашу шашты. Үлкендер жағы көпшілікке ұсынылған концерттік бағдарламаны ашық аспан астында тапжылмай отырып тыңдады.
Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданы күндері аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Облыс басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті.
Қобда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанаргүл Бибітованың айтуынша, жәрмеңкеге аудандағы 18 ауылдық округтен ауыл шаруашылығы тауарларлары жеткізілген. Әсіресе, ет, сүт, көкөніс өнімдері мол әкелініпті. Бұл күні ақтөбеліктер Қобдадан жеткізілген 5 тонна етті әп сәтте-ақ сатып алды. Нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен сатылған ірі қараның етіне сұраныс жоғары болды. Қала тұрғындары 800-1300 теңгенің аралығында сатылған етке кезекке тұру үшін талас тудырды. Елу тоннаға жуық көкөніс және картоп өнімдері де базардың ауласында сатылымға шығарылды. Қобдалықтардың әкелген өнімдерінің арасында маринадталған саңырауқұлақ пен 20 қоянның еті, балық, асбұршақ пен бадана да бар.
- Ауданда жыл басынан бері шамамен 200 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Бүгінгі күні аудандағы кәсіпкерлердің белсенділігі - 98 пайыз. Олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейі де жоғары. Биыл ауданға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 519 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Алтын асық» секілді бағдарламаларды толықтай игердік деп айта аламыз. Қазіргі күні «Бизнестің жол картасы - 2020» және «Құлан» бағдарламалары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Ж.Бибітова.
Бес ешкінің сүті
Терісаққан ауылының жеке кәсіпкері Райхан Бекмұханбетова жәрмеңкеге жеке үйінің ауласында өсіріп жатқан үйрек-қаздарының етін саудаға шығарды.
- Қазір 700-ге жуық құс өсіріп отырмын. Олардың қатарында тауық та, қаз-үйрек те бар. Құстарымды жеке үйімнің ауласында өсіремін. Қаздың өзі 100-ден асып кетті. Жаздай еңбектенген жұмысымыздың нәтижесін көретін шақта мұндай жәрмеңкенің өткізілуі де біздер үшін тиімді болып тұр. Құс етіне сұраныс жоғары болып тұр. Енді жәрмеңкеден тыс уақыттарда да қалаға келіп, құс етін сататын боламын, - дейді Райхан.
Бір қызығы, Райхан мемлекеттік бағдарламалардың ешбіріне қатыспапты. Жеке кәсіпкерлік құрып, өз қаржысына ісін дөңгелентіп отыр. Биыл көктемде қала базарынан үйректің 300 балапанын әрқайсысын 350 теңгеден сатып алған. Қаздың балапандары 1000 теңгеден сатылыпты. «Балапан кезінде бұл құстар қатты күтімді қажет етеді. Шығын да болды. Қаздың таза салмағына байланысты бағасы да әртүрлі болады. Ең үлкендерін 4-5 мың теңгеден сатып жатырмын. Үйрек етін де алушылар көп», - дейді Райхан.
Жәрмеңкеде құс етінен бөлек, жұмыртқа да саудаға шығарылды. Үй жағдайында өсірілген тауық жұмыртқасының 10 данасын 180 теңгеден сатқан Райхан әзірге бұл кәсіпті ауылда өзінен басқа адамның қолға алмағанын айтты.
Бұл күні Қобда ауылынан келген жеке кәсіпкер Күнсұлу Ыбраева өзі бағып-күтіп отырған бес ешкісінен жинаған 10 литр сүтін әкеліпті. Ешкі сүтінің бір литрі 500 теңгеден сатылды.
- Ешкі шаруашылығымен айналысуды қолға алдық. Әзірге Ресейден әкелген сүтті бағыттағы бес ешкім бар. Бұл - ешкінің зааненский тұқымы. Ауылда ешкі сүтіне сұраныс жоғары. Әсіресе, үлкендер жағы ешкі сүтін емдік мақсатқа сатып алып жатады. Бір ешкіден күніне 4-5 литр сүт аламын. Күтімі жақсы ешкі сүтті де мол береді, - дейді Күнсұлу.
Жәрмеңкеге келгендер Күнсұлу апайдан ешкінің түбітін сұрап жатты. Алайда, бұл кісінің бағып отырған ешкісі сүт бергенмен, түбіт бермейді. Өйткені, бұл ешкілер тарауға келмейді. Алдағы уақытта ешкілерінің санын көбейтуді мақсат еткен ол Ресейден зааненский тұқымды теке де алдырыпты.
Сөгәлінің саңырауқұлағы
Қобдалықтар жәрмеңкеге Сөгәлі ауылдық округінен 100 келіге жуық саңырауқұлақ жеткізіпті. Ауыл әкімдігінің бас маманы Алтын Мұнарованың айтуынша, бұл кәсіппен ауылдағы жеке кәсіпкер Берік Нұртаза айналысады. Денсаулығына байланысты жәрмеңкеге қатыса алмаған кәсіпкердің өзі болмаса да, өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Маринадталған саңырауқұлақтың келісі 1000 теңгеден сатылды.
- Ауыл маңында үлкен орман бар. Бұл - сол орманнан жиналған саңырауқұлақ. Бұл жерде саңырауқұлақтың әртүрі өседі. Мәселен, саңырауқұлақтың валуи, вешенки түрлерін қысқа сақтауға болады. Ол үшін саңырауқұлақты жинап алып тазалап, кептіреміз. Тазартылған саңырауқұлақ 3 күн суда тұрғасын, екі рет тұзды суға қайнатылып, маринадталады. Сол күйінде оны арнайы құтыларға салып, қысқа сақтауға болады. Вешенки - кез келген талдың түйнегінде қатар-қатар өсетін саңырауқұлақтің бір түрі. Боровикті қуырып жесең, дәмі тіл үйіреді. Грузди - түсі ақ саңырауқұлақ. Оны да маринадтап, қысқа сақтауға болады. Бұлардың қай-қайсысы да денсаулыққа пайдалы, белгілі бір мөлшерде адам ағзасын қажетті дәрумендермен байытады, - дейді А.Мұнарова.
Оның айтуынша, саңырақұлақ күзде үлкейіп пісіп, жиналады. Үш жылдан бері бұл кәсіпті өзіне серік етіп жүрген Берікке ауыл тұрғындары саңырауқұлақ жинауға көмектесетін көрінеді.
Облыс әкімі тұсау кесіп, тары түйді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерім - нұрлы елім» акциясы аясында қобдалықтар Ақтөбедегі Әлия Молдағұлованың мемораилды ескерткішінің жанында «Әлия - ерліктің дастаны» тақырыбында патриоттық шара ұйымдастырды. Бұл жерде Әлия есімді 25 қыз батыр рухына тағзым етіп, содан соң Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбетов бастаған топ «Батырлар аллеясында» Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының Батырлары ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Аудан күндеріне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар сенбі күні кешкілік ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық демалыс саябағында жалғасты. Саябақ алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, «Ел мұраты - Мәңгілік ел» атты 25 қазақы дәстүрлер шеруі көрсетілді. Мерекелік шараны тамашалауға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қобдалық азамат Елеусін Сағындықов бастаған топ келді. Қазақы салт-дәстүрлер шеруін басынан-аяғына дейін тамашалаған мереке қонақтары кейбіріне өздері де қатысты. Облыс басшысы Бердібек Машбекұлы сол жерде Мансур атты балақайдың бәкімен тұсауын кесіп, ағаш келіге салынған тарыны түйіп те көрді. Қонақтардың иығына шапан жауып, тақия таратылды, кәдесыйлар ұсынылып жатты. Бұдан әрі облыс әкімі бастаған топ қобдалықтардың ұсынған қыз ұзату, сүндет тойы, баланы бесікке салу, көрісу, тері илеу, тары салу, бас тарту, сүйектен бұйым жасау, тазы асырау, жүн иіру, киіз басу, бүркіт салып, құс ұстаған халқымыздың жөн-жоралғылары мен салт-дәстүрлерін насихаттайтын көріністерді тамашалады. Бердібек Машбекұлы мен Елеусін Наурызбайұлы «Туған жерге тағзым!», «Түлек KZ» акциялары аясында «Алтын қыран» компаниялар тобы атынан ауданның 25 озат оқушысына Астана қаласына саяхатқа ұсынылған жолдаманы табыстады. Бұл күні мерекенің құрметті қонақтары мен қала тұрғындары саябақта ауданнан шыққан кәсіпкерлердің алтын ұя - мектептеріне сыйлықтар тапсыру рәсімін тамашалады.
Қонақтар мен қала тұрғындары ауданда өндірілген өнімдердің көрмесінен дәм татып, саябақта өзара сайысқа түскен 25 Әлия есімді қыздың «Тәуелсіздік - тұғырым» тақырыбындағы шығармаларымен танысты.
Салт-дәстүрімізді құрметтеп, оның ішінде ұмытыла бастаған жөн-жоралғыларды көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шаралар мұнымен шектелген жоқ, саябақта қобдалықтар «Жұлдызды сәт» олимпиада қатысушыларының жеңістеріне арнап қазақша күрес, арқан тартыс ойындарынан жарыс өткізді. Ұлттық ойындарға қала жастары белсенді қатысты.
Бұл күні қобдалық өнерпаздар саябақ сахнасында «Құт қонған - Қобда» атты театрландырылған сахналық қойылымды ұсынды.
Тараздықтар Тайбурылдың астауына 1 миллион теңге сұрап отыр
Облыс әкімі бастаған топ «Қасиетті Қобда өңірінің шежірелі тарихы» атты айбарлы Абат батыр, Қара Қыпшақ Қобыланды, ел қорғаған Исатай, батыр ару Әлия ерліктерінің көшпелі мұражайларын да тамашалады.
- «Қобыланды батыр» мемориалды кешенінің құрылғанына келер жылы он жыл толады. Қазірдің өзінде кешенде 300-дің үстінде жәдігер бар. Соның ішінде ақтөбелік шебер Ерқосай Әбіловтің қолымен жасалған орта ғасырлық бұйымдарды ерекше атағым келеді. Темір ұстасы мельхиор материал мен қайыстан жасаған ер тоқым - өте бағалы. Тарихтан білуімізше, орта ғасырларда батырдың ат әбзелдері алтынмен апталып, күміспен күптелген ғой. Қобыланды батырдың қайта қалпына келтірілген бас сүйегі де - кешендегі ең құнды жәдігерлердің бірі. Бұл экспонант пластмассадан жасалған. Сонымен қатар, «Ер қаруы - бес қару» демекші, батырлар қолданған бес түрлі қаруды осы көрмеге арнайылап әкеліп тұрмыз. Батырлар киетін дулыға, сауыт, саптама етік, ішік сынды киімдердің де нұсқасын көпшіліктің назарына ұсынғанды жөн санадық.
Жалпы Қобыланды батыр заманынан бізге дейін түпнұсқа түрінде ешнәрсе жетпеген. Тек түпнұсқа ретінде біз Қобыланды батыр қылышын қайраған қайрақ тасты атаймыз. Қайрақ тастың салмағы - 5 тонна. Қазір қайрақ тас кешеннің жанында тұр. Мұнда әкелу мүмкін емес, - дейді «Қобыланды батыр» мемориалды кешенінің директоры Азамат Қалмағанбетов.
Көшпелі мұражайға қойылған жәдігерлердің қатарында Қобыланды батыр кесенесінің шағын макеті де тұр. Қала тұрғындары шағын кесененің жанында суретке түсіп, бес қаруды қызықтап қарап, ұстап көріп жатты.
- Ресей мен арадағы шекара аптасына үш күн ашылады. Сол кезде шекарадан 40 шақырым орналасқан жердегі «Қобыланды батыр» мемориалды кешеніне келушілердің қатары көбейеді. Жақында Ресейдің Тольятти, Екатеринбург қалаларынан бір топ саяхатшы келді. Осыдан екі жыл бұрын Американың Вирджиния штатынан мүгедек баласымен турист келіп, кешенді қызықтап кетті. Арнайылап осы тарихи орынды көруге келетін ағылшындар да бар, - дейді кешен директоры.
Батырлар мекеніне айналған киелі Қобда өңіріне саяхаттап баруға шетелдіктердің қызығушылығы жоғары көрінеді. Алайда ауданда туризм саласы әлі кенжелеп тұр.
- Туристер турасында айтқанда әңгіме аудандағы туризм саласын дамытуға келіп тіреледі. Бұл саланы дамыту үшін ең басты кезекте жолды жөндеу керек. Ауданда жол нашар, алайда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екіншіден - кесене маңында 25-30 орындық қонақ үй салыну керек. Әзірге мұндай орын бізде жоқ. Кесене басына келетіндер мал сойғысы келеді. Алайда мал соятын орын да дайын емес. Ол үшін арнайы инфрақұрылым тартып, содан кейін бұл істі қолға алу қажет, - дейді А.Қалмағанбетов.
Кешен директоры өз сөзінде Қобыланды батырға қатысты Тараз қаласынан құнды экспонат табылғанын айтады. «Қобыландының Тайбурылы су ішкен астау мен батырдың аяғы тиген тас бүгінгі күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Бұл туралы деректі мен бұған дейін де білгенмін. Алайда тараздықтар мұны бұған дейін айтпай келді. Бұл жәдігерлерді Тараздың қыпшақтары 5-6 жыл бойы зерттеген, қазір музейде тұр. Енді сол жәдігерді бізге бергісі келеді. Ол үшін тараздықтар 1 миллион теңге қаржы сұрап отыр. Әрине, бұдан жергілікті билік хабардар», - дейді А.Қалмағанбетов.
Алдағы күндері Қобыланды батыр кесенесі қайта қалпына келтірілмек. Бүгінгі күні кесененің тастары үгітіліп, сыйқы қашқан. А.Қалмағанбетовтің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен келер жылы көктемде кесенені қайта жаңарту жұмыстары басталмақ. Жақында бұл істі жүргізуге Түркістан қаласынан шеберлер келіп кеткен. Енді бұл іске бюджеттен 45 миллион теңге қарастырылмақ. «Келер жылы күзде кесененің ашылғанына 10 жыл толу құрметіне орай осы маңда шағын этнографиялық қойылым ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мерекелік шараны тамашалауға жан-жақтан туристер келеді», - дейді кешен директоры.
Шөже көз сауыт және Мосин винтовкасы
Биыл ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі, батыр Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл. Батырдың жаны мәңгілік байыз тапқан жер - Қобда өңірі. Осы мерейлі датаға орай батыр рухына тағзым етіп, қобдалықтар аудан күндері аясында Исатай Тайманұлы ерліктеріне арнап көшпелі мұражай ұйымдастырыпты.
- Киіз үйге қойылған жәдігерлердің барлығы - батырға тән бұйымдар. Оның ішінде шөже көз сауыт бар. Бұл - XVII-XVIII ғасырлардағы сауыт. Балапанның көзіне ұқсатып темірден жасалған сауыттың он келіге тарта салмағы бар. Мұндай сауыт Шығыс Қазақстанда және біздің өңірде ғана бар. Бұл - Қосөткел жағасынан табылған белгісіз батырдың сауыты, - дейді аудандық тарихи-өлкетану мұражайының әдіскері Гүлбаршын Ерғалиева.
Бұдан бөлек киіз үй ішінде бір кездері Қобда өңірінен табылған кісендер мен шығырлар, ат әбзелдері, сондай-ақ, былтыр Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шараға апарылған Абат-Байтақ кесенесінің шағын макеті мен осы қорымнан табылған астау да тұр.
Саябақтағы киіз үйдің біріне жасақталған жылжымалы көрме Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған. Әлия ауылындағы облыстық патриоттық тәрбие беру орталығынан әкелінген жәдігерлердің қатарында 2013-2015 жылдары іздестіру тобы мүшелерінің Ресейдің Псков облысы Новосокольный ауданының Казачиха орманынан табылған Мосин винтовкасы бар. Тот басқан жәдігерді іздестіру тобының мүшелері 2015 жылы орталық мұражайына табыстапты.
P.S. Ақтөбедегі Қобда ауданының күндері «Жалынды Қобда жастары» тақырыбындағы патриоттық акциямен, қобдалық өнерпаздардың гала-концертімен тәмамдалды. Сол күні саябаққа келгендер мерекелік отшашуды тамашалады.
Арайлым НҰРБАЕВА.