Туғанына 110 жыл толған қазақтың тұңғыш қазақ кеңес генералы Шәкір Жексенбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды - Б.Жұмағалиев, соғыс және еңбек ардагері

Мысалы, Әбілхайыр хан жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру үшін жоғары қолбасшы болып тағайындалғанда жүз мың әскермен жорыққа аттанған. Шәкір Жексенбаев та - сол бабалардың асыл тұяғы. Генералдың өмір және ерлік жолы туралы Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері, полковник Бисен Жұмағалиев былайша әңгімелеп берді.
Ол 1901 жылы 28 ақпанда қазіргі Бөкей ордасының Шоңай ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, атасы Халеткен күнкөріс қиындаған соң, сонау Маңғыстаудан бала-шағасын шұбыртып, осында келіпті. Бұл 1850 жылдың шамасы болса керек. Халеткен қыста байдың малын бағып, жазда Басқұншақ көлінен тұз жинап, күнін көрсе керек.
1908 жылы семинарияны бітірген жас жігіт Ғимран Мамаев Шоңайдан бастауыш мектеп ашып, бала оқытқан. Үйінің қасындағы сол мектепке Шәкір де барып, дәріс алды. Ауыл мектебін бітірген соң, Хан Ордасындағы бастауыш училищеге түсті. Бұл білікті ұстаздары мол, белгілі оқу орны болатын. Орыс тілі мен әдебиетін, математика мен тарихты, жағырапияны оқытып, сурет салуды үйретті. 1917 жылы мұғалім болуды армандаған Шәкір сол училищенің жанындағы курсқа түсті. Қазан төңкерісінің дауылы Бөкей даласына бірден келді де, жас жігіттің өмірін басқа арнаға бұрып жіберді. Ордада 1917 жылы 15 желтоқсанда Совет өкіметінің орнағаны жарияланды. 1918 жылдың қаңтар мен наурыз айларында ауылдарда советтердің сайлауы болды. Осы тұста жастығына қарамастан, Шәкірді ауыл советінің хатшылығына сайлап жіберді. Көп ұзамай азамат соғысы басталды. 1918 жылдың 1-10 қазанында өткен Бөкей облысы советтерінің екінші съезі қазақ жастарынан құрылған әскери бөлімдерді жасақтауға қаулы қабылдады. Ордаға қазақ даласының төтенше комиссары Әліби Жангелдин мен ұлттар халық комиссариатының қазақ бөлімінің бастығы Мұхамедияр Тұңғашин келді. Олар қазақтың бірінші атты әскер полкын құруға көмектесті. Қазақ жастары лек-легімен, өз еркімен жаңа әскер құрамына жазыла бастады. Жастарды үгіттеуге бас болған Бисен Жәнекешев, Нұрсұлтан Бекетов, Әмірғали Меңешов, Хамит Чурин еді. Олардың қатарына 18-дегі Шәкір Жексенбаев та қосылды. «Бөкей даласындағы аштыққа, ауыр тұрмысқа қарамастан, ерікті атты әскер полкын жасақтау ойдағыдай жүріп жатыр. Екі жетінің ішінде 1000 жігіт келіп қосылды» деп жазды «Правда» газеті 1919 жылдың 7 қараша күнгі нөмірінде. Елге келіп, жұрт алдында сөйлегенде, Шәкір өзіне жол сілтеген ағаларды аса зор ілтипатпен еске алатын. Әсіресе, Бисен Жәнекешев пен Валериан Куйбышевты өте жоғары бағалаған.
Қазақтың бірінші ерікті атты әскер полкының комиссары Бисен Жәнекешев ауыл мұғалімі болған. Ол басқарған полк Астраханнан Қараөзенге дейінгі кең алқапты қорғап, зор стратегиялық міндет атқарды. 1919 жылдың жазында Ордаға IV армияның революциялық-әскери советінің мүшесі Валериан Куйбышев келді. Ол полктың жағдайымен танысып, қызыл әскердің соғысқа даярлығына, рухани дәрежесінің биіктігіне өте разы болды. Сол кезде өтіп жатқан Бөкей облысы советтері III съезі делегаттарының қатысуымен, қазақтың атты әскер полкына әскери қызыл туды белгілі мемлекет қайраткері Нариман Нариманов табыс етті. «Съезд делегаттарының көз алдында иығында мылтық, қолында қылыш жалтылдаған, жайраңдаған жас әскерлер қатар түзеп тұрғанда, патша заманында көрген зорлық-зомбылықтан біржола құтылғанымызды әбден білдік», деп жазылды «Дұрыстық жолы» газетінің 1919 жылғы 10 санында.
Осы полктың құрамында взвод командиріне дейін өскен, ұрыста тәжірибе жинаған Шәкір Жексенбаев білім алып, шын мәніндегі әскери адам болуды ойлайды. Оның осы тілегін қостап, өлкені басқарушы әскери-революциялық комитет Қызыл Армияның академиясына жолдама береді. Қабылдаушы комиссия оның әлі жас екенін, әскери тәжірибесінің аздығын, орыс тіліне шорқақтығын айтып, оқуға дайындығы кем деген түйінге келеді. Шәкір көңілі түсіп, жабырқап жүргенде, қазақ зиялыларының айтқанын тыңдап, В.Куйбышевтің қабылдауында болады. Ол: «Қай жақтан келдің, қайда оқыдың, қандай әскери құрамада болдың?» деген сұрақтар қойды. «Мен қазақтың бірінші Қызыл тулы, үлгілі атты әскер полкында взвод командирі болдым. Сізді Ордаға келгеннен білемін» дегенімде, бет-әлпетінде бір жылы сезім байқалды. «Жақсы білем, әрине, полк жауынгерлері де айтарлықтай еді. Михаил Фрунзе сіздерді өзімен бірге алып барғаны, ондағы ұрыстарда ерліктің таңғажайып түрлерін көрсеткендерің әлі есімде». Қағаз алды да : «Жексенбаев жолдасты жақсы білемін. Академияға қабылдаңыз, оның жақсы командир болатынына сенемін деп жазды», деп еске алатын Шәкір аға.
1924 жылы Қызыл Армияның академиясын бітірген Шәкір Жексенбаев Уфа қаласындағы 34-дивизияға рота командирі болып тағайындалды. Бір жыл өткен соң, Қазақтың әскери комиссариатында басшылық қызмет атқарды. 1927 жылы жас қызыл командирге зор сенім көрсетілді. Ол Қазақстанның Орталық комитетінің (КазЦИК) құрамына сайланды. Әскерилерді жиі ауыстырып отыру - баяғыдан келе жатқан дәстүр. 27 жастағы Шәкірді Қызылордадан Ресейдің Брянск облысындағы Новозыбково қаласындағы полктың штабына бастық етіп жіберді. Бұл Ресей, Украина мен Беларуссияның түйіскен жері екен. «Әскери ойын өткізетін алқап жағалай өскен зәулім ағаштардың арасында, көруге көз керек. Қазақтың шегі жоқ жазира даласынан келген маған бір ғажайып болып көрінген-ді», - дейтін Шәкір аға жастық шағын еске алып.
Отызыншы жылдардың басында еліміз қорғаныс мәселесімен мықтап шұғылданды. Техникалық қару-жарақ өндіру, оларды меңгеретін командалық кадрлар даярлау ыждағаттылықпен қолға алынды. Әсіресе, химия қосындыларымен улаудан қорғанысқа айрықша көңіл бөлінді. 1915 жылы 22 сәуірде немістердің Ипр өзенінің жағасында орналасқан ағылшын-француз әскеріне қарсы 6 километрлік майдан шебінде баллонға құйылған газ шашып, шабуыл жасағаны белгілі. Бұл уландырушы қаруды адамзат тарихында бірінші рет зұлымдықпен пайдалану болатын. Бір сәтте 15 мың адамның демі таусылып, қаза тапты. Сол соғыста бір миллион адам уланудан мерт болды. Совет елі келесі қарсыласы - неміс фашистері болатынын анық біліп, уландырушы қарудан сақтанудың күрделі мәселелерін шешуді қолға алды. Алдымен уландырушы қарудан қорғайтын жабдықтарды мол өндіру, білікті командирлер даярлауға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта білімі мол, тәжірибелі де ысылған командирлерді іріктеп алып, оларды әскери химияның жоғарғы мектебіне жіберді. Солардың ішінде Шәкір Жексенбаев та болатын. Бұл 1930 жыл еді. Оларға атақты академиктер В.Аркадьев, Н.Зелинский, Н.Курнаков дәріс берді. Химия саласынан университет дәрежесінде білім алып, жоғары командир атағына ие болған Жексенбаевты Қызыл Армияның әскери химиялық басқармасына жетекші маман етіп жіберді. Әскерилерді тікелей басқарып қалған командирдің қағазбастылығы басым кеңсе жұмысына көңілі толмайды. Армия бөлімдеріне жіберуді сұрап қоймаған соң, оны Киев әскери округінің химия қаруларына қарсы күресетін жеке батальонына командир әрі комиссар етіп тағайындаған. Көп кешікпей жаңа жабдықтармен қаруланған, тың әскермен толықтырылған Жексенбаевтың батальонын Қиыр Шығысқа аттандырды. Байкал жағалауында алты жыл болды.
Ұлы Отан соғысына полковник Жексенбаев бірінші күннен қатысты. Бұл кезде ол Батыс бағытындағы әскер қолбасшысының химиядан қорғану басқармасы бастығының орынбасары еді. 1941 жылы Псков қаласы маңындағы ұрыстың бірінде біздің әскер немістің құпия құжаттары мен уландырушы жарақтарын қолға түсірген. Фашистердің бұл соғыста да жарақтарды қолдануды ойлаған арамза ниеттері күмән туғызған жоқ. 1941 жылдың 13 тамызында И.Сталиннің бұйрығы жарияланды. Онда уландырушы қаруды фашистердің қолдануға әзірлігін алдын ала байқау, оларға тез тойтарыс беру амалдарын ойлау, өз әскерімізді ықтимал газ шабуылынан қорғау талап етілген. Бұл бұйрықтан соң, әдейі құрылған химиядан қорғанушы бөлімдерге ерекше көңіл бөліне бастады. Сөйтіп, Жексенбаев Брянск майданы химия қару-жарағы басқармасына бастық болып тағайындалды.
Бұл кезең біздің әскер шегінумен өткен ауыр күндер еді. Жау күшінің, әсіресе, танктердің басымдығы зығырданыңды қайнататын. Жексенбаевтың тікелей араласуымен осы майданда бірінші болып, жау танктерін қирату үшін жанармайдың түрлі қосындысы толтырылған шөлмек пайдаланыла бастады. Ол әдіс тез қолдау тапты. Әрине, ол адамға да қауіпті. Амал қанша, соғыс құрбандықты талап етеді. 1941 жылдың күзгі үш айында өртегіш шөлмекті пайдаланып, Брянск майданының 13 армиясы жаудың 55 танкін, 17 бронемашинасын, 31 қорғаныс орындарын талқандады.
1943 жылдың қазан айында Ш.Жексенбаевқа техникалық әскердің генерал-майор атағы берілді. Бұл жоғары лауазымды атақ - оның соғыстағы жеке басының ерлігінің, армия алдындағы орасан зор еңбегінің айғағы. Енді ол 2 Прибалтика майданы химиядан қорғану басқармасының бастығы қызметіне ауыстырылды. Осы қызметін ол соғыс аяқталғанша атқарды. Немістің Курляндия армиясын тізе бүктіруге арналған Совет Одағының Маршалы Л.Говоров бастаған комиссияның құрамында болды. Соғыс біткен соң, әскердің саны бірнеше рет қысқартылды. Енді әскерилердің білімін арттырып, сапа көрсеткіштерін көтеру міндеті алға қойылды. Осы мақсатта соғыста шыңдалып, ысылған білікті офицерлер мен генералдарды әскери академиялар мен училищелерге оқуға жіберді.
Генерал Ш.Жексенбаев химиялық қорғаныс академиясының инженерлік факультетін басқарды. Бір жылдан кейін КСРО Қарулы Күштерінің химия қару-жарақтары басқармасы бастығының орынбасары етіп тағайындады. Әскерден кетердің алдында бірнеше жыл бойы В.Куйбышев атындағы Қызыл тулы әскери-инженерлік академияда кафедра басқарды. Шәкір аға мұнда үлкен біліктілік танытып, профессор болды. 1958 жылы Ш.Жексенбаев әскерден біржола босады. Ол кезде генералдарды 50 жаста әскерден шығаратын. Шәкір Жексенбаевтың 58 жасқа дейін қатарда болғаны - оның үлкен біліктілігінің дәлелі.
Ш.Жексенбаев 40 жыл әскерде жүргенде, көп адаммен қызметтес болып, талай қиын-қыстау жағдайда кімнің кім екенін білгені анық. «Менің жолым болып, жақсы адамдарға кездестім. Әсіресе, атақты қолбасшылар, Совет Одағының Маршалдары: К.Рокоссовский, А.Еременко, Л.Говоровты айтар едім. Осы ақиық адамдардың тек әскери таланты ғана емес, адамгершілігі, жайсаң мінезі бәрімізді тәнті ететін. К.Рокоссовскийді соғыстан бұрын білетінмін. Ол Қиыр Шығыста дивизия командирі болса, мен жеке батальон басқардым. Әскерилер арасында мынадай аңыз болды: «К. Рокоссовский бүкіл соғыс бойына кісіге бір қатты сөз айтпай өтіпті», -дейтін генерал,
Ш.Жексенбаев туралы, - дейді техникалық әскердің генерал-лейтенанты П.Красота, - мен соғыстан бұрын Калинин әскери-техникалық училищесінде оқып жүргенде естідім. Ол батальон командирі еді. Училищеде екі полковник болды. Бірі - бастығы, екіншісі Жексенбаев. 1942 жылдың мамырында полкта химиялық қарудан қорғаныс бөлімінің бастығы едім. Қатты ұрыс жүріп жатқан. Зеңбірек оғы жарылып, зулап тұрған окопқа бір полковник секіріп түсті. Қарасам, Жексенбаев. Үлкен бастық алғы шепке көп жолай бермейді. Жексенбаев болса, ұрысты өз көзімен көріп, қиын-қыстау жағдайдан қалай шығудың амалын түсіндіру үшін әдейі келген. Біліктілігі, байсалды ақылы және ержүрек қимылымен Ш.Жексенбаев тек өз қоластындағылар арасында ғана емес, дивизия, армия, майдан қолбасшыларының алдында зор беделге ие болды. Біз өз бастығымызды мақтан тұтатынбыз».
Соғыстағы үлгілі әскери қызметі, жеке басының ерен ерлігі үшін генерал Жексенбаев Ленин орденімен төрт мәрте, жауынгерлік Қызыл ту, Бірінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендері және медальдармен марапатталған.
Бірінші генералды жерлестері көруге асық болып, соғыс уақытында да шақырған. Бірақ Шәкір аға соғыс бітпей, елге келуді ыңғайсыз көрді. 1945 жылдың қазан айында облыс халқы генерал Жексенбаевты зор қуаныш сезімімен қарсы алды. Қалада біраз болған соң, туған жер - Ордаға аттанды. Облаткомның төрағасы Хұсайын Ищановтың өзі алып жүрді. Бұл тек жұмыс бабындағы ресми жүріс емес. Екеуі құрдас. Бірінші қазақтың атты әскер полкының қызыл әскерлері, ширек ғасыр бірін бірі көрмеген екі достың әңгімесі таусылар емес. Ең алдымен туған ауылы Шоңайға ат басын бұрды. «Ауылдың қарасы көрінгенде, генерал көлікті тоқтатуын сұрады. Сонан соң мундирін шешіп тастады да, жата қалып, жерге бірнеше рет аударылды, малдасын құрып біраз отырды. Тізесінен тұрып, еңкейіп жерге маңдайын тигізді. Көзіне жас толғанын байқадық, -деді бір жиында Х.Ищанов, - Мұнысы қалай деп таңданып біз тұрдық».
-Әй, Хұсайын, сен мұның жайын білмей тұрсың. Елден ұзамағаныңнан ғой, бұл. Мен болсам, үнемі алыста жүрдім. Қиыр Шығыстан батыс шекараға дейін болмаған жерім кемде кем. Туған жерден ыстық ештеңе жоқ екенін қашықта жүргенде сезесің. Отан соғысының ауыр кезінде де зулаған оқтың астында жатып, осы жазық, осы құм көз алдыңа елестегенде, бір күш бойыңды билейтін. Оны айтып жеткізу қиын, тек сезіну керек. Сонда туған жерді бір көріп өлсем деп армандайтынмын. Бұл - менің ғана сезімім емес, миллиондаған жауынгердің басында болған жәй, - деген-ді генерал. Осыдан кейін Шәкір ағамыз елге 1964 жылы келді. Бір айта кететін жәйт, Алматыдағы кейбір ағалардай емес, жиі шақырғанды көп ұнатпайтын. «Елдің мазасын алып не керек?» дейтін.
-1964 жылы Орал қаласының іргесі қаланғанына 350 жыл толуына арналған үлкен салтанат болды. Одақтың түпкір-түпкірінен атақты жерлестерді шақырдық. Әрине, ең құрметтілердің бірі емес, бірегейі генерал Жексенбаев еді. 1968 жылы облыстық комсомол комитеті «Әкелердің ерлік даңқы жолымен» деген фестиваль өткізді. Ол қазақ комсомолының дүниеге келген жері - Ордада болды. Бөкейлік алғашқы комсомолдар: Хамит Чурин, Нығмет Қуаншәлиев, Ғақаш Бияшев, Мәдина Бегәлиевалар Алматыдан арнайы шақырумен келді, - деп еске алады Б.Жұмағалиев бүгінде.
Шәкір аға Оралға келген. Екеуміз Ордаға Жалпақталды басып өтіп, 600 километрдей жол жүрдік. Жағалай кең дала, құмға кірмей, зулап келеміз. Күн кешкіргенде, көліктен шығып, аздап бой жаздық.
- Бисен-ау, бар даусыңмен айқайлашы!-деді ағамыз.
- Шәке-ау, ен далада тұрып айқайлағаным қалай болар екен?
- Ал онда сен тыңда! - деді де, бар даусымен айқайламасы бар ма?! Бір емес, үш-төрт рет. - Ал осыдан не ұқтың, айтшы.
- Шынымды айтайын, ештеңе ұқпадым
- Онда тыңда, жас кезімде осылай айқайлайтынымыз бар-ды. Айқай ақ селеуді жайқалтып, құмға асатын, одан әрі көлдің жағасындағы қалың қамысқа жетіп үзілетін. Ал ат үстіндегі айқайдың күші едәуір артықтығынан былай, ойыңды сергітіп, бойыңды көтеріп тастайтын. Даланың ғажабы осы. Қиыр Шығыста да, Ресейдің орманы арасында да мұндай құбылыс жоқ. Мүмкін, туған жердің әркімнің өзіне ғана сезілетін ерекше қасиеті болуы ғажап емес. Еділ үшін егескендердің ішінде қазақ жауынгерлері көп еді. Олар намысты қолдан бермеді. Олардың жауынгерлік рухын көтерген ежелгі бабалары Орақ пен Мамайдың, Қарасай мен Қазидың, қарға бойлы Қазтуғанның аруағы еді. Қиын-қыстауда дем беріп, желеп-жебеген де сол әулиелер болатын. Неміс фашистерінің қабырғасын қайыстырып, қазақтың жазира да жазық, киелі даласынан біржола бетін бұрғандар да сол күштілерге сиынғандар еді.
Туған жерге ынтызарлықты күшейту, елдің атақ-даңқын молайту, жастардың әкелер ізін суытпай, аға ұрпақ көтерген жүкті ілгері апарулары қажеттігін генерал фестивальда баса айтты. - «Әкеден бала туар, әке жолын қуар» деген қазақтың қанатты сөзінде көп мазмұн жатыр, сол естеріңізде болсын! -деп, ақ батасын берді.
«Шәкір ағамен 30 жылдан астам уақыт достық қарым-қатынаста болдым. Телефон шалып, хат жазысып тұрдық. Ақжарқын, мінезі жұмсақ, зиялы кісі еді. Қазаққа біткен қонақжайлығы, өмірінің басым көпшілігін елден алыс, басқа ортада өткізсе де, көмескіленбеген. Жеңгеміз Анна Ивановна, келіні Вера Александровна, немересі Марина барғанымызда, құшақ жайып, қарсы алып, туғандары келгендей қуанатын. Жалғыз ұлы Олег - дәрігер, үлкен ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Өте жұмсақ, мінезді, сөзге сараңдау. Әкесі тұрғанда, сөзге көп араласуды ыңғайсыз санайтын шығар.
Генерал Шәкір Жексенбаев 1988 жылы дүниеден озды. Мүрдесі Мәскеуге қойылды. Оның аты қазақ тарихында мәңгі қалады», деп түйіндеді ойын Бисен Жұмағалиев.