«Тұғыры биік, қуаты зор Қазақстанның қарышты қадамы» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 4 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қатысуымен өткен алқалы жиында Қазақстанның ұлттық тарихын тереңнен зерделеп-зерттеу мәселелері қаралып, оны дамытудың нақты бағыттары айқындалғаны мәлім. Ең бастысы, осының негізінде ұлттың шынайы да шыншыл тарихи санасын қалыптастыру міндеттері алға тартылды. Әлбетте, бұл міндеттен «тарихты күрекпен жазатын» археологтар да шет қалмақ емес. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаевқа жолығып, сұхбат алған. «Археологиялық мұра - ел қазынасы» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында ғалым: «Барымызды бағалай білейік деймін. Қазақ жері археологиялық құндылықтарға аса бай. Олай болса, Қазақстанның қолданбалы археологиясы ең алдымен, өз күш-жігерін құрылыс немесе жерді шаруашылық мақсатта игеру кезінде толық жойылу қаупі төнген, қирап, құрып бара жатқан ескерткіштерді зерттеуге бағытталуы тиіс. Қазақстан тарихшылары жер-жерде археология ескерткіштерін қорғау жөніндегі өкілетті органдар өкілдерімен бірлесе отырып, мәдени мұрамызды сақтау орайында жан-жақты қажыр-қайраттарын аямауы тиіс деп есептеймін»,- дейді.

«Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда барша жұрттың көкейін 2050 жылы әлемде қандай энергетика басымдыққа ие болады деген күпті сауал тесіп тұрғаны кәміл. «2050 перспективасы» зерттеуінің төртінші бөлімінде сарапшылар «Әлемдік тәртіп және энергетика» тақырыбында осы мәселені тереңірек қозғауға ұмтылады. Яғни, күн тәртібінен түспейтін мәселенің мәнісі мен астарын ашпақ мақсатында Халықаралық сараптама қоғамдастығы да бұдан тыс қалмай, энергетика саласының болашағына үңіліп зерттеу жүргізді. Ақыр-соңында олардың салмақтап түйіндеген пікір-байламы тіпті де біркелкі болмай шықты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бейсенбілік нөміріндегі «Тұғыры биік, қуаты зор Қазақстанның қарышты қадамы» деген тақырыптағы мақаласында. Мәселен, басылымның атап өтуінше, зерттеуге қатысушылардың жартысына жуығы көмірсутегі мен атом энергетикасының бәсін алға тартып, энергетикалық перспективаларды бағалауға келгенде керітартпа көзқарас танытты. Ал зерттеушілердің көпшілігі келешектің негізін энергияның жаңартылатын баламалы көздерімен тығыз байланыстырады. Өйткені, олар тұтынушы елдерге сырттан жеткізушілердің энергиясына тәуелді болуды төмендетіп, энергия өндіру барысында экологиялық қауіпсіздіктің деңгейін көтеруге едәуір мүмкіндік береді. Сауалнамаға жауап қайтарушылардың келесі бөлігі арадағы 40 жылдан кейін де әлемдегі басты жүйені құрайтын пішінді дөп басып айта алмайтындығына көндіргісі келеді.

***

Мен білгенде мына дүниенің дидарында «Жаным - арымның садағасы» деген сөзден артық ұлы сөз жоқ. Соны айтқан - қазақ. Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды. Бүгінгі таңда ел қамынан басқа қандай мүдде болуы мүмкін? Сондықтан елдің ақыны да, әкімі де бір мақсатты көздеуі керек. Мейлі сен патша не қойшы бол, бәрібір ата-мекеніңнен табаның тайса - жетімсің. Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің Президенттік те, перзенттік те - парызым. «Айқын» газетінің жазуынша, Елбасының әрі Президент, әрі перзент ретінде айтқан осындай тамаша ойлары мен афоризмге айналатын сөздері «Жылдар мен ойлар» атты жеке жинақ болып шықты. Кеше Президент Әкімшілігінің кеңсе бастығы, «Назарбаев орталығы» директорының міндетін атқарушы М.Қасымбековтың жетекшілігімен құрастырылған кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі кездесулер мен жиындарда мемлекет пен халықтың тағдырына қатысты талай-талай өзекті ойларын айтып келеді. Соның негізінде құрастырылған кітап оқыған жанды ойға жетелеп, рухын оятып, патриоттық сезімін арттыратын жауһарлардың жиынтығы деп қабылдаңыздар. Әрбір жылдарда айтқан қанатты сөздері оқушылар мен студент­терге, шығармашыл адамдарға, жалпы қоғамның зиялы қауымының пайым-парасатын байытатын құндылығымен қымбат. Сегіз мың тиражбен шыққандықтан еркін саудада болмайды, қызығушылар кітапханалардан оқи алады», - деді Махмұд Базарқұлұлы.

Осы басылымда жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразимен арадағы сұхбат «Қазақты бір адам жақсы көрсе, мендей-ақ жақсы көрсін» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген қаламгер: «Қазақ драматургиясында даму бар деп айта алмаймын. Бірақ театрдағы ізденіске көңілім толады. Алғаш келгенде түңіліп қайтқаным рас. Менің жаман мінезім бар, бір нәрсені жек көріп қалсам, кешіре алмаймын. Сон­дықтан да қазір театрға сирек барамын. Розаның мінезі маған қарағанда жұмсақтау. Қойылымды жібермейді, қарашаңыраққа жиі бас сұғып тұрады. Анда-санда өзі­ме керек қойылымдарға көрермен болып, спектакль соңында әртістермен жолығып, пікірімді айтамын. Театрымыздың өзі шағын ғой, небәрі 130 адам сияды. Әртістердің де ойнайтын жері жоқ, сахна тар. Талай бастық «театр саламыз» деп уәде берген. Бірақ нәтижесіз, тек сөз күйінде қалып жатыр. Өзінің алаңы болмаса, өнер дамымайды. Биліктегілерге осы жағын қарастыру керек»,- дейді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум