Түлектер кешіне тыйым: Түркістан облысында тәртіп бұзылса мектеп басшылары қатаң жазаланады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында соңғы қоңырау кезінде 2000-ға жуық полицей тәртіпті қадағалайды.

последний звонок, выпускной, первый звонок, школа, ученики, мектеп, алғашқы қонырау, сонғы қонырау
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Түркістан облысындағы 1106 мектепте 550 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде биыл 9-сыныпты 47 174 оқушы, ал 11-сыныпты 35 294 түлек тәмамдайды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мектеп бітірушілер үшін қатаң шектеулер енгізілгенін мәлімдеді.

— Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен қаулысына сәйкес, 25 мамырда кафе-мейрамханалардағы банкеттерді, автокортеждерді, табиғат аясында және демалыс базаларында таңды қарсы алу кештерін ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар оқушылар мен ата-аналардан қандай да бір себеппен ақша жинауға, мектепке немесе мұғалімдерге сыйлық беруге жол берілмейді, — деді спикер.

Ведомство мәліметінше, аттестат тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ресми форматта өтеді.

— Егер қандай да бір мектепте заңсыз ақша жинау, мектептен тыс кеш өткізу немесе оқушылардың көлік жалдап, шерулер мен автокортеж ұйымдастыру деректері анықталса, сол мектептің директорына қатаң тәртіптік шаралар қолданылады. Бұл туралы барлық білім беру ұйымының басшыларына ресми түрде ескертілді, — деді Ғалымжан Орынов.

Сондай-ақ облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары Әлихан Алентаев соңғы қоңырау күні өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу үшін кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін айтты.

— Бұл шараларға 2000-ға жуық полиция қызметкері мен 400 қызметтік автокөлік жұмылдырылады, — деді ол.

Бұдан бұрын Шымкентте оқу жылының аяқталуы қарсаңында полиция мен бейінді ведомстволар күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін жазған едік