Түлкібас ауданындағы 15 ауылдық округ әкімдігінде медиация кабинеті ашылды — Марат Ырсымбетов
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Соңғы жылдары сот жүйесінде кешенді реформалар іске асырылып отыр. Айталық, бір ғана цифрландырудың өзі салаға көптеген өзгерістер алып келді. Соттың жұмысы жеңілдеп қана қойған жоқ, салада заман талабына сай болуға деген ұмтылыс байқалды. Күнделікті қолданып жүрген «Жасанды интеллект», «роботтандыру» деген сөздер де салада кеңінен пайдаланыла бастады. Мұнымен қоса қашықтықтан, яғни онлайн сот отырыстары да халықтың құқықтық сауатын ашып, сот жүйесіне үлкен серпіліс тудырды. Орайы келгенде сот жүйесіндегі осы және өзге де жаңашылдықтар жайлы Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық сотының төрағасы Марат Ырсымбетовпен тілдескен болатынбыз.

— Марат Нұрғазыұлы, әңгімемізді сот саласын кешенді реформалау ісінде қол жеткізген негізгі жетістіктерден бастасақ.
— Биыл өткен судьялардың съезінде соттың қызметі абыройлы болуы үшін атқарылуы қажет істер көбірек сөз болды. Әлбетте, әділ сот — мемлекеттің тірегі. Сондықтан, сот билігі қашанда мінсіз қызмет атқаруы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң мен Тәртіп — әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл — заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды», — деді. Дұрыс айтасыз, соңғы жылдары елімізде сот саласын кешенді реформалау нәтижесінде салада бірқатар оң өзгерістер байқалды. Айталық, елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Сонымен қатар, «Сот кабинеті» жэне «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың sud.gov.кz ресми сайтында іске қосылды. Аталған қызметтерді электронды цифрлық қолтаңбасы бар республиканың кез келген азаматы тұтына алатын деңгейге жетті. Аталған сервистен басқа, «Тыңдалған істердің тізімі», «Сот жолдамасы», «Төрелік» ақпараттық жүйесі, сот процесіне қатысушыларға электронды пошта арқылы хабарландыру беріп, «Қазпошта» АҚ-мен және сот органдарының ақпараттық жүйелерімен бірлесе жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, сот процесінде аудио-бейнетіркеу жүйесі де қолданылуда. Осындай жаңашылдықтарды халыққа түсіндіру мақсатында Түлкібас аудандық сотының қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап, семинарлар мен «дөңгелек үстелдер», ашық есік күндері өткізіліп жатыр.
— Аудандық сот судьялары жыл басынан бүгінге дейін қанша істі қарады? Олардың нәтижелері қандай?
— Ата заңымыздың 13-бабында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар делінген. Президентіміз заң мен тәртіп — әділеттіліктің басты шарты деп қадап айтты. Бұл тұрғыда сот билігі әділеттілікті құруда басты рөл атқарады. Сот билігі — Ата Заңымызда бекітілген мемлекеттік биліктің негізін құрайтын үш биліктің бір тармағы. Сот билігінің абыройы — мемлекеттің абыройы, ар-ожданы. Айта кетейік, ауданда адамның құқықтарын қорғау бойынша жыл басынан бүгінге дейін 979 талап қою (арыз) түскен болса, оның 372-сі шешім шығумен, 142-сі сот бұйрығымен, 252-сі татуласумен аяқталған, қалғаны қаралу үстінде. Осы түскен істердің татуласуға жататыны 511 іс, яғни ауданымыздағы әр даудың екіншісі бітіммен аяқталуда. Осы жалпы түскен талап қоюдың (арыз) 5 пайызы ғана облыстық сотқа шағымданса, оның 0,3 пайызы ғана өзгеріске ұшыраған. Демек, ауданымызда адам құқықтары мен бостандықтары өз дәрежесінде қорғалған деп айтуға толықтай негіз бар. Өңірде жыл басынан бүгінге дейін сот өндірісінде 979 — азаматтық, 42- қылмыстық іс, 631- әкімшілік құқық бұзушылық және 7-әкімшілік іс қаралды. Сонымен қатар, 2639 — материалдар, тергеу органдарының 90 — санкция қаралған. Осыларды сараптай келе Түлкібас аудандық сотында ең көп қаралып жатқан істердің басты бөлігін шарттық міндеттемелер, отбасылық келіспеушіліктер және жер қатынастарынан туындаған даулар құрап отырғанын айтуға болады.
— Мұндай жағдайда тараптардың істі сотқа жеткізбей, бітімге келуі де маңызды рөл атқарады. Осы және тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Медиациялық қызметті күшейту арқылы кез келген істі сотқа жеткізбей, тараптардың бітімге келуімен аяқтаудың маңызы өте зор екені сөзсіз. Бұл ретте саланы цифрландыру бағытында жүріп жатқан жұмыстардың да қосар үлесі орасан зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы судьялардың биылғы съезінде былай деген болатын: «Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл — әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету — маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн» — деген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сот ісін қашықтан жүргізу азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық жүйесін енгізуге мүмкіндік бергенін айтты. Осы тәжірибені әкімшілік істерде қолдануды көздейтін заң жобасы қазір депутаттардың қарауында жатыр. «Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастады. Осындай тәсілмен екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл — әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді. Жалпы, сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсер етуде. Бұл — елімізде Заң мен Тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл», — деді Мемлекет басшысы. Меніңше біз құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін ең алдымен құқықтық білім беру жүйесін ретке келтіруіміз керек. Біз сонда ғана азаматтардың қоғам алдындағы борышын саналы түрде орындауына, адамдардың өздерінің девиантты мінез-құлқын жеңуіне, бір-біріне озбырлық пен зорлық-зомбылық көрсету жағдайларын болдырмауға қол жеткізе аламыз. Түлкібас ауданы қазақтың қаймағы бұзылмаған өңір. Мұнда ауызбіршілік пен бірлік жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде өлкеде көп істерді сотқа жеткізбей, тараптардың бітімге келуі арқылы шешуге мүмкіндік туып отыр. Жалпы істерді сотқа жеткізбей, тараптардың бітімге келу арқылы шешу мақсатында әкімдік жанынан медиация кабинетін ашу үшін Түлкібас ауданы әкімдігіне хат жолдадық. Соның нәтижесінде Түлкібас аудандық әкімдіктің (аудан әкімінің аппараты) жанынан іске қосылған медиация кабинетінен бөлек, 15 ауылдық округ әкімдіктерінің жанынан медиация кабинеті ашылды. Жалпы бүгінде Түлкібас ауданы бойынша әкімдіктердің жанында 16 медиация кабинеті жұмыс істейді Медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында оларды арнайы оқу курстарына жіберіп отырамыз. Өңірде ауыл билері институты да құрылған. Олар медиаторлармен бірге тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында «дөңгелек үстелдер» мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауданда сотқа дейін бітімге келумен аяқталған істердің саны өсе бастады. Халықтың медиаторларға деген сенім күшейді. Халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін даулы іске тап болған азаматтарға бірден сотқа жүгінбей, ақылға салып ойланған жөн дер едім. Тіпті, сотқа жүгінгеннің өзінде, ең дұрысы — өзара келісімге келіп, татуласу. Бұл біріншіден, олардың уақыттарын жоғалтпауға, екіншіден қаржыларын үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Мұндай жағдайда екі арадағы бұрынғы қарым-қатынас та үзілмейтін болады. Атам қазақ «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген сөзді тектен-текке айтпаған.
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Заңымыз үстем болсын!