Түлкібаста үй, Созақта саябақ: Түркістан облысында түлектер мерейтойды ерекше атап өтті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түлкібас және Созақ аудандарында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер туған жерлеріне тарту жасап, мұқтаж жандардың алғысына бөленді.

Түлкібас ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейі мен Б.Садықов және Ломоносов атындағы мектептердің 2005 жылғы түлектері бірігіп, әлеуметтік жағдайы төмен жас отбасыға үй сыйлады. Аудан орталығынан берілген алты бөлмелі баспананың құны – 9 млн теңге. Жалпы жиналған қаражат 13 млн теңгеден асқан. Қалған сома жөндеу жұмыстары мен тұрмыстық техника, жиһаз алуға жұмсалған.


Салтанатты іс-шарада 300 адамға арнап құдайы ас беріліп, жаңа үйдің кілті Қаратаевтар отбасына табысталды. Отағасы – І топ мүгедегі. Ал, отбасы бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалмат Анашев, ардагер ұстаздар мен түлектер жүрекжарды тілектерін білдірді. Аудан имамы Кәрім Байболов марқұм түлектерге Құран бағыштап, қайырымдылық жасаған жандарға алғысын айтты.
Жалпы Түлкібас ауданында түлектердің үй сыйлау үрдісі дәстүрге айналған. 2016 жылы дәл осы мектептің 1996 жылғы түлектері алғаш рет үй сыйлап, игі бастаманың негізін қалаған болатын. Биылғы іс-шарада 2005 жылғы түлектер эстафетаны 2006 жылғы түлектерге табыстады.
Айта кетейік, мұндай игілікті іс Түлкібас кентінде де жалғасып, тағы екі мұқтаж отбасы баспаналы болмақ.

Ал, Созақ ауданындағы «Созақ» мектеп-гимназиясының 2005 жылғы түлектері туған ауылдарына демалыс саябағын салып берді. Саябақтың ашылу салтанатына Түркістан облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғарев, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысты. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар түлектерге алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ақтаулық оқушы «Мектепке апарар қауіпсіз жол» жобасын әзірлегенін жазған болатынбыз.